ШЫМКЕНТТЕГІ ЕҢ ІРІ АВТОВОКЗАЛДЫҢ БІРІНДЕ ОРНАЛАСҚАН САУДА ОРЫНДАРЫ ӨРТЕНІП КЕТТІ

Шымкентте ең ірі базардың жанындағы автовокзалдың аумағы өртке оранды. Тілсіз жау күндізгі сағат 15:13-тер шамасында тұтанған. Жалын бекеттің автокөлік тұрағының астыңғы қабатында орналасқан аяқ-киім дүңгіршектерін шарпыған. Өрт шыққанда бұл сауда нүктелері жұмыс істеп тұрған екен. Ондағы сатушылар заттарын жапа тармағай сыртқа өздері алып шыққан. Үш қабаттан тұратын автовокзалдың екінші қабатында автотұрақ болса, онда да отызға тарта көлік болыпты. Жүргізушілер мен құтқарушылар бұл көліктерді де қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, екінші қабаттың терезелері жанып кеткен. Сондай–ақ, қызыл жалыннан айнала көк түтінге оранып, тіпті жолдар да көрінбей қалған. Бұл көрністерді тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісті. Әзірге бес бутиктің отқа оранғаны анықталып отыр. Жалынды ауыздықтауға жетпіске тарта сөндіруші мен 24 техника жұмылдырылған. Өрт жарты сағат шамасында өшірілген. Қаланың төтенше жағдай қызметі жалынның 280 шаршы метр аумақты шарпығанын хабарлады. Тілсіз жаудан ешкім зардап шекпеген. Айта кетейік, бұл базар сегіз жыл бұрын да өртенген болатын. Ол кезде сауда орталығы толықтай отқа оранып, тіпті сатушылар қаза тапқан еді. Қаншама кәсіпкер шығынға батып, оларға өтемақы берілгені белгілі.

Другие выпуски телепроекта
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу