"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары – басқарма мүшесі Эльдар Жұмағазиев пандемия кезінде бизнестің жұмыс істеу алгоритмі әзірленгенін әрі осы алгоритм шағын және орта бизнесті тығырықтан шығарудың негізгі факторы екенін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Мемлекеттік комиссия шектеу шаралары жөнінде қандай шешім шығарса да, жұмыс істемей тұрып қалған әр күн көптеген бизнес нысанының жабылып қалуына әкеп соғатынын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі ашып айтты.
Дегенмен "Атамекен" ҰКП басшылығы, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова және бизнес өкілдері қатысқан онлайн басқосу барысында карантиндік шектеулер кезіндегі бизнес салаларының жұмыс істеу алгоритмінің жобасы ұсынылды.
Осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін Премьер-министр Асқар Мәминге алғыс айта отырып, Эльдар Жұмағазиев мәселені талқылауға екі жүзден астам кәсіпкер мен салалық қауымдастықтар, сондай-ақ сарапшылар қатысқанын да тілге тиек етті.
"Талқылау тиімді өтіп, егжей-тегжейлі алгоритмді әзірлеу үшін базарлар, сұлулық салондары мен коcметология орталықтары, спорт кешендері мен фитнес орталықтары, қоғамдық тамақтану нысандары (HoReCa), мектепке дейінгі мекемелер, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, автовокзалдар сынды кәсіпкерлік қызметтің бірқатар түрі бойынша кеңес берілді. Сындарлы пікірталас болып, реттеуші барлығын тыңдады. Жалпы, барлық бағыт бойынша алгоритмдер қолдау тапты. Сонымен қатар, кәсіпкерлер 3 тамыздан бастап жұмысына кірісу жөнінде өз дәлелдерін келтіре алды. Ал қажетті санитарлық талаптарды қамтамасыз ету үшін бизнес өкілдері қосымша шығындарды көтеруге дайын екенін де атап айтқым келеді", – дейді Эльдар Жұмағазиев.
Қиын-қыстау кезде шыдамдылық танытқан нарық өкілдеріне және ашықтығы үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ризашылығын білдіре отырып, "Атамекен" ҰКП өкілі 2 миллиондай адам осы салада қызмет ететінін еске салып өтті.
"Талқылауға қатысушы сауда-саттық, қоғамдық тамақтану, сұлулық салоны және басқа да саладағы кәсіпкерлер жұмысының үш ай тұрып қалуына байланысты шығынға ұшырауымен қатар, қызметкерлерін де қысқартуға тура келгенін ерекше айтуда. Бұл салаларда шамамен 2 миллион адам жұмыс істейтінін ұмытпауымыз керек! Наурыз-мамыр айындағы төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер несие төлемін кейінге қалдырды, салықтық жеңілдіктер берілді, сондай-ақ жұмысынан айырылған қызметкерлерге 42500 теңге төленді. Бизнес орындарын жалға берушілердің көпшілігі жағдайға түсіністікпен қарап, жалдау ақысын алған жоқ әрі бағасын өсірмей, сақтап қалды. Ал қазіргі локдаун кезінде әлеуметтік төлемдерден басқа жеңілдік жоқ", – деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Эльдар Жұмағазиев 30 шілде күні өтетін Мемлекеттік комиссия отырысында осы ұсынылған алгоритмдер қолдау табатынына сенім білдірді.
"Біз әзірлеген алгоритмдер қолдау тауып, бизнес өз қызметін жоспарлау үшін нақты шарттар мен мүмкіндіктерге ие болады деп сенеміз. Бизнес үшін ең бастысы – айқындық! Шынымен де Үкіметтің қолдауына зор үміт артамыз! Ал егер олай болмаса, бизнеске бірінші локдаун, яғни төтенше жағдай кезіндегідей толық қолдау көрсетілуі қажет. Преференциялар, несиелік демалыстар, салықтық және жалдау төлемдеріне жеңілдіктер жасалып, табысын жоғалтқан адамдарға төлемақы берілуі керек!", – деді ол.
Нұржан Көшкін
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін