Экспорт теңсіздігі! Ұн мен сусынды қайтсек көбірек сатамыз?

Өзбекстан импортталатын ұнға акциз енгізді. 

Экспорт теңсіздігі! Ұн мен сусынды қайтсек көбірек сатамыз?

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары – басқарма мүшесі Эльдар Жұмағазиев отандық ұн мен сусындар экспортындағы теңсіздік мәселесін көтерді.

Қазақстан ұны көп жылдар бойы көршілес елдерде зор сұранысқа ие болған еді. Ал енді ұн тарту өнеркәсібін дамыту мақсатында кейбір көршілес ел біздің ұнды емес, астықты жеткізуге қолайлы жағдай туғызатын тарифтік емес реттеу шараларын қолдана бастаған.

"Мысалы, ұлттық мүддесін қорғай отырып, Өзбекстан импортталатын ұнға акциз енгізді. Тәжікстан сараланған қосымша құн салығын (ҚҚС) салуда (импортталған ұнға — 18%, импортталған астыққа — 10%). Ал Қырғызстан астық импортына ҚҚС мөлшерлемесін толығымен алып тастады", – деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына Эльдар Жұмағазиев.

Көрші мемлекеттердің кәсіпорындары қазақстандық бидайды жергілікті бидаймен араластырып, дайын өнімді біздің елдің ұны ретінде көрсетіп жатқанын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі мәлім етті. Нәтижесінде шетелдік ұн өндірушілер өнімдерінің бағасын төмендетіп, қазақстандық ұн өнімдері саудаланатын дәстүрлі нарықтардан бәсекелестерін ығыстыра бастады.

"Осындай саясат салдарынан біздің бидай мен ұнды өзбек нарығына жеткізуде теңсіздік күшейе түсті. Өзбекстан импортталатын ұнға 2011 жылдан 2017 жылға дейін 10-15% мөлшерінде акциздік салық салатын. Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 2018 жылғы 24 тамыздағы № 684 қаулысына сәйкес осы елге әкелінетін астық өнімдері кедендік баж салығынан босатылған болатын. Ал ӨР Президентінің 2019 жылғы 2 қазанда шыққан №ПП-4470 жарлығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап импортталатын астық үшін – 0%, импортталатын ұн үшін – 10% импорттық баждың сараланған мөлшерлемесі енгізілді" – дейді Эльдар Жұмағазиев.

Басқарма мүшесі келтірген деректерге қарағанда, елімізден Өзбекстанға ұн экспорты 2012 жылғы 1 243 мың тоннадан 2019 жылы 388 мың тоннаға дейін төмендеген, ал бидай импорты 2012 жылғы 658 мың тоннадан 2019 жылы 2 187 мың тоннаға дейін өскен.

Алкогольсіз сусындарға қатысты жағдай да осыған өте ұқсас. Сол себепті, еліміздің оңтүстік облыстары Өзбекстаннан келетін сусындарға толып кеткен.

"Алкогольсіз сусындардың импортында да осы жағдай қалыптасқан. Өзбекстанда өндірілетін сусындар Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы дүкен сөрелерін толтырды. Қазіргі кезде Өзбекстаннан Қазақстанға әкелінетін алкогольсіз сусындарға кедендік баж немесе басқа алымдар жоқ. Ал қазақстандық өндірушілер тауарларын Өзбекстанға экспорттаған кезде кедендік құнынан 25% акциздік салық төлейді. Бұл жағдай отандық компаниялардың бәсекеге қабілетінің тең болмауына әкеп соғуда", – деп атап айтты Эльдар Жұмағазиев.

"Атамекен" ҰКП өкілінің мәліметінше, Өзбекстан Президентінің 2018 жылғы 29 маусымдағы №ПП-3818 жарлығымен алкогольсіз сусындарға келесі акциздік мөлшерлемелер белгіленген: шырындар мен шырынды сусындар (Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының (СЭҚ ТН) коды – 2009) – 5%; газдалған сусындар (СЭҚ ТН коды – 2202) – 25%.

Нәтижесінде, 2019 жылдың соңында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алкогольсіз сусындар саудасының көлемі келесідей болды: Өзбекстанға шырындар мен шырынды сусындардың экспорты (СЭҚ ТН коды – 2009) 11,8 мың долларға 22,9 тонна, ал Өзбекстаннан келген импорт 6 124,5 мың долларға 8 273,6 тонна құрады. Газдалған сусындар саудасындағы теңсіздік: Өзбекстанға газдалған сусындардың экспорты (СЭҚ ТН коды - 2202) 200,9 мың долларға 443,6 тонна, ал Өзбекстаннан бізге 604,9 мың долларға  1 373,2 тонна осындай импорттық өнім келді. Айтарлықтай айырмашылық байқалады.

"Келтірілген дәлелдерге сүйене отырып, астық пен ұнға импорттық баждардың тең мөлшерлемесін қолдану немесе оларды нөлдеу, сондай-ақ алкогольсіз сусындарға акцизді алып тастау туралы мәселе туындайды. "Атамекен" ҰКП ҚР Сыртқы істер министрлігіне осы мәселені Премьер-Министр Асқар Маминнің Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен кезекті отырысының күн тәртібіне енгізу туралы тиісті ұсыныс жіберді", – деп сөзін қорытындылады "Атамекен" ҰКП басқармасы төрағасының бірінші орынбасары.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу