Ең төменгі айлық мөлшері 85 мың теңгеден жоғары болуы керек

1278

Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге жетті. 

 Ең төменгі айлық мөлшері 85 мың теңгеден жоғары болуы керек

Үкімет мүшелері өз есептерінде соңғы үш жылда ең төменгі жалақы мөлшері екі есеге ұлғайды деп айтып жатыр. Яғни, 42,5 мың теңге болған, қазір 85 мың теңге. Меніңше, реалды түрде әлі де болсын бұл өте төмен жалақы және де ол әлдеқайда жоғарырақ болуы керек. Сол бағытта нақты зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек деп есептеймін. Әлеуметтік Кодекс қабылданды, соның төңірегінде еңбек министрлігі айтып жатқан бізде әлемдік есептеулерді пайдалана отырып, 2025 жылдан бастап қана жаңа әдістемелерді қолданамыз деген ұсыныстарды айтып жатыр. Көп сұхбатымда осы мәселе туралы айтып жатырмын. Мұны күтудің де қажеті жоқ, соған сәйкес есептеп, солай бекітілуі керек. Өйткені 85 мың теңге болсын, алдыңғы 70 мың теңге болсын, оның нақты экономикалық негіздері жоқ. Қалай есептелгенін де өздері айтып бере алмайды. Сондықтан осыған байланысты әлемдік тәжірибені ескере отырып нақты есептеулер қолданылуы керек. 

Менің есептемелерім бойынша оның екі жолы бар. Бірі – орташа медианалық жалақының елу пайызын бекіту. Дамыған еуропалық мемлекеттерде орташа медианалық жалақының 60 пайызына дейін бекітеді. Өткен жылда орташа медианалық жалақы 240 мың теңгеден жоғары болды. Демек ең төменгі жалақы 120 мың теңге деп бекіте беруге болады. Дәл қазіргі уақытта көлемі сондай болу керек. 

Тағы бір әдіс бар. Елдегі орташа арифметикалық жалақыны алып, бір адам 1-2 млн теңге, екіншісі 100-200 мың теңге табыс табуы мүмкін, соның орташа мәнін шығарады. Сол жерде мұның 365 мың теңгеден асқаны келтіріледі. Сондықтан осы орташа жалақының үштен бірінен кем болмауы керек деген тағы бір әдіс бар. Егер сол бойынша есептесек, онда еліміздегі ең төменгі жалақы тағы да 120 мың теңгенің үстінен шығатынын көріп отырмыз. Дәл қазіргі уақыттағы ең төменгі жалақының құны 120 мың теңге болуы керек және ол елдегі инфляция жағдайына, орташа жалақының өсуіне байланысты реттеліп отыруы керек деген ұсынысым бар. 

Десек те, ең төменгі айлықты арттыру мәселесінің екінші жағы да бар. Тездетіп жалақыны арттырамыз деп ертең инфляцияны да өсіріп алмау керек. Үкіметтің алдындағы міндет – инфляцияны барынша төмендетіп, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, соның есебінен халықтың табысын арттыруға баса назар аударылу қажет. Сонда азаматтардың өмір сүру сапасы да жақсаратын болады.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу