"Ол судың мол кезі еді ғой. Бөрібай арнасының жоғары жағындағы жойқын апат аяғымыздан тік тұрғызған. Қар еріп, сай-саланы су қаптап, арна тасыған тұста сел бөгетті жырып, төмен қарай лап қойған. Қызылорданы сел алып, Орталық саналатын Орта Азия күретамыры – теміржол бойын ойран-асырын шығару қаупі тұрған-ды. Оған қарсы мол техника, қыруар адам күші жұмылдырылды. Ташкент пен Алматыдан гидротехниктер келіп, әскери бөлімшілер іске араласты. Аз күнгі, бірақ ауыртпалығы оңайға түспеген бұл жұмыстың бар тізгінін өз қолыма алуыма тура келді.
Әрбір минут қымбат еді. Жауынгерлер мен теміржолшылар бөгеттің "тығыны ашылған" жерді бітей алмай, салымыз суға кетіп тұрған кезде маңдайын әжім торлап, еңкіш тартқан қарт (Сатан Күйкентайұлы) Құдай айдап келе қалмасы бар ма!? Бізге күн сала қарап тұрып:
– Босқа арам тер болмаңдар, – деді.
– Жырынды су оңайлықпен әл бермейді. Оны "қарабураламай" ауыздықтау қиын. Тосын сөз еріксіз елең еткізген.
– "Қарабураңыз" қалай, түсінбедік, қария? – деп жөн сұрадым. Шал асықпай-аптықпай мән-жайды түсіндіре бастады.
– Ұзындығы 15-20 құлаш келетін жуан арқанның үш-төртеуін қатар жазып, жерге тастаңдар да, қамыс, сабан төсеп, үстіне шым салыңдар!
Сосын киіз шиыршықтағандай тас қып орап арқанмен шындап байлаңдар да, бөгеннің кеткен жеріне қойыңдар! Онымен қазақ асау дарияны да тоқтатқан.
– Апыр-ай, – дедім әрі қайран қалып, әрі бұны қалай бастарымды білмей.
– Қарағым, мен білсем, осы жердің бастығы сен боларсың, – деді бір қайрат танытқалы оқталып.
– Қасыма бес-он сарбазыңды қос, бәрін өзім істеп берем.
Ақсақал айтқанын айна-қатесіз жүзеге асырды. Тоған жасалып, алып қашып жатқан сел сап тыйылды, – деп жазады естелігінде Д.Қонаев.
Негізінен, асау өзенді "бұғалықтаудың" халықтық әдісі бағзы заманнан қолданылады екен. Бұған тарихи деректер куә.
Көне Қытай жылнамаларында Сырдария өзенінен өтіп Аралға, одан әрі Еділге дейін жеткен түркілердің "өздері ғана емес, аттарына дейін көк сауытқа оранғаны, өзеннен өтерде қарабура байлап, сал жасайтыны немесе теріден қайық дайындайтыны" айтылады Мұны Н.Кюнер жазған. Негізінен өзеннен өту немесе ағып жатқан өзенді "байлау" бабаларымыз Ақсақ Темір заманынан ары, көне түріктер заманынан бері пайдаланған.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін