Халықаралық сауда бәсеңдеді. 2017 жылдың векторы қайда қарайды?

7567

2016 жылдың соңында Дүниежүзілік сауда ұйымының ресми сайты жаһандық саудаға қатысты келесі жылғы болжамын жариялады.

Халықаралық сауда бәсеңдеді. 2017 жылдың векторы қайда қарайды?

Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) мәліметіне сүйенсек, Қытайдың экономикалық өсу қарқыны бәсеңдеп, бұл өз кезегінде халықаралық сауда айналымына кері әсер етпек. Жалпы, 2016 жылы халықаралық сауданың өсімі 1,7% шамасында болыпты. Ал сәуірдегі мәліметте бұл көрсеткіш 2,8% болады делінген еді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 15 жылдың ішінде алғаш рет халықаралық сауда әлем экономикасынан бәсең дамыды. ДСҰ басшысы Роберту Азеведудың айтуынша, әлем экономикасы өскенімен, халықаралық сауданың азаюы жақсылық емес.

"Қазіргі жағдай экономикалық саясатты теріс арнаға бұрып жібермеуі керек. Халықаралық сауда төмендейтін болса, әлем экономикасының өсімі көпке бармайды, алдымен жұмыспен қамту жағы зардап шегеді, сауда ашықтығы зиян көреді", – дейді Роберту Азеведу.

Жаһандану кезінде халықаралық сауда қарқын алғанымен, экономикалық қиындықтар тұсында үкіметтер бірінші кезекте өздерінің өндірісін сақтап қалуға тырысады. Ал экономиканың ең алдымен тұтынушыларға байланысты екені белгілі дегенді айтады Роберту Азеведу.

Биыл сауда өсімі әлемдік экономика өсімінің тек 80%-ын ғана құрапты. Мұндай тоқырау 2001 жылдан бері алғаш рет болып тұрған көрінеді.

Жалпы, халықаралық сарапшылар 2017 жылдан бастап шикізаттық дағдарыс аяқталып, көптеген елдің экономикасы қайта қалпына келетінін айтқанымен, халықаралық саясатта әлем экономикасын кері тартатын жағымсыз жағдайлардың болатынын алға тартады. Мамандардың бұл тұрғыда ең алдымен айтатыны Англиядағы Брексит, екіншісі Дональд Трамп.

Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шыққан жағдайында Тереза Мэй бастаған үкіметтің 100 млрд фунт стерлинг жоғалтатынын айтып сарапшылар дабыл қағу үстінде. 2012-2013 жылдарға дейін шарықтау шегіне жеткен жаһандану экономикасы соңғы жылдары қайта кері тарта бастады. Ресейге қарсы санкциялар да осы орайда үлкен әсерін тигізген.

Ресей-Батыс қарым-қатынасында бейбіт экономиканы жақтаушылардың ендігі үміті Дональд Трамп. Ақ үйге келгендегі өзінің басты миссиясын "халықаралық сауда мен саясатсыз экономиканы дамыту" деп білетін Дональд Трамп Барақ Обаманың президент тағындағы соңғы күніне дейін қойылып жатқан санкцияларды біртіндеп жеңілдетпекші. Рейтерс басылымының жазуынша, Барақ Обаманың істеп кеткенін өзгерту үшін Дональд Трампқа кемінде үш ай, ары кетсе бір жыл уақыт керек.

Жалпы, Дональд Трамптың Барақ Обаманың саясатын түбегейлі өзгертетінін айтқанына біраз уақыт өтті. Сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамп Барақ Обаманың кезінде қабылданған құжаттардың 70%-ын өзгертпек. Оның басым көпшілігі жаһандық экономика мен дүниежүзілік саясатқа қатысты.

Дегенмен, Дональд Трампты тек саясатсыз бейбіт экономикаға деген ынтасының керісінше әсер етіп кеткен жерлері де жоқ емес.

Президент болып сайланғаннан кейін Дональд Трампттың Тайвань басшысы Цаф Инвеймен телефон арқылы сөйлесуі көптеген жыл бойы сақталып келген "бірыңғай Қытай" саясатына нұқсан келтіріп, АҚШ-тың Қытаймен арадағы байланысына сызат түсірді. "Бұл өз кезегінде 2017 жылғы әлемдік нарыққа төнген ең үлкен қатер болмақшы", - дейді сарапшылар.

Дональд Трамптың бұл қадамына жауап ретінде Қытай одан өзінің "біртұтас Қытай" саясатына құрметпен қарауды талап етті. Өйткені, Қытай Тайваньды өзінің бөлінбес бір аймағы ретінде таниды. Ал Тайвань болса өзін тәуелсіз мемлекет ретінде ұстайды. Осы орайда, Дональд Трамп Fох телеарнасына берген сұхбатында Қытайдың бұл саясатын ұстануға АҚШ-тың міндетті емес екенін айтты. Нәтижесінде Қытай егер Дональд Трамп осы бетінен қайтпайтын болса, екі ел арасындағы барлық байланысты үзетінін мәлімдеді.

Егер Дональд Трамп Тайваньды өз алдына тәуелсіз ел ретінде танып, онымен тікелей әріптестік құратын болса, 1972 жылдан бері қалыптасқан АҚШ-Қытай әріптестігіне сызат түсуі ықтимал.

"[Дональд] Трамп әлгі қадамы арқылы отпен ойнап отыр. Қытай ешқашан да мұндайға төзе алмайды", - дейді Danske Bank сарапшылары.

Дональд Трамптың осы әрекетінен кейін Батыс басылымдары Қытайдың да қарап қалмайтынын болжап, "Егер Қытай [Дональд] Трампты өзінің айтқанына көнеді деп ойласа, қатты қателеседі" деген мазмұндағы мәлімдеме жасай бастады.

АҚШ-Қытай қатынасын экономистер мен сарапшылар өзара тәуелді әріптестік ретінде бағалайды. Екі елдің экономикасы да бір-бірінсіз өмір сүре алмайтыны белгілі.

Danske bank сарапшыларының мәліметіне қарағанда, ендігі кезекте Қытай АҚШ-қа жауап ретінде Тайваньдағы ықпалын күшейте түсуі ықтимал. Атап айтар болсақ, Қытайдағы Тайвань компанияларына қысымды көбейтіп, Тайвань жағалауында зымыран сынақтарын ұйымдастыруға да баруы ықтимал. Мұндай жағдай 1995 жылы болған еді. Ол кезде Қытай Солтүстік Кореямен ынтымақтаса бастаған. Ал Global Times басылымы Қытай АҚШ-тың жауларына қолдау көрсетуі мүмкін деген пікірін алға тартады.

Сонымен қатар ҚХР АҚШ компанияларының Қытайда бизнес жасауына тосқауыл болу үшін бейресми сауда кедергілерін қоюы ықтимал. Тіпті ерегіс өрши түсетін болса, Қытай АҚШ-тың экономикасын әлсірету үшін АҚШ-тың құнды қағаздарын жаппай сата бастауы да мүмкін және АҚШ-тың Қытайдағы өндірісіне шектеу қоймайтынына да ешкім кепілдік бере алмайды.

Мұның бәрі АҚШ тарапынан Қытай тауарының экспортына тыйым салынуына алғышарт болмақ. Қазіргі таңда АҚШ Қытай экспортының 20%-ын сатып алатынын ескерсек, бұл саяси ойынның нәтижесінде Қытай өнеркәсібі зардап шегуі ықтимал.

Ақырында мұның бәрі АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысына алып келмек.

"Бұл тұрғыда ең үлкен зардап шегуші тарап АҚШ болады. Өйткені АҚШ өзінің ірі сауда сұранысын қанағаттандыру үшін Қытайдың қаржыландыруына кіріптар", - дейді Danske сарапшылары.

АҚШ-Қытай дағдарысы халықаралық инвесторлар үшін де жағымды жаңалық болмауға тиіс. Нәтижесінде қос алыптың текетіресі 2017 жылы қаржылық дағдарысқа жол ашуы ықтимал.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу