Бұл – қалыпты жағдай. Себебі мектеп бітірген түлектер болашақ кәсібін ерте жаста таңдайды, ал уақыт өте келе қызығушылығы мен қабілеті өзгеруі мүмкін. Ең алдымен, студент өзіне нақты сұрақ қойып, мәселенің себебін анықтауы қажет. Кей жағдайда мамандық емес, оқу жүктемесі, белгілі бір пәндердің қиындығы немесе психологиялық қысым әсер етуі мүмкін. Ал егер саланың өзі қызықтырмаса, онда бұл – маңызды белгі.
Мұндай жағдайда студентке басқа бағыттарды зерттеп көруге кеңес беріледі. Қазіргі университеттерде қосымша мамандану, elective пәндер, minor бағдарламалары және академиялық мобильдік мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл студентке өз қызығушылығын анықтауға көмектесетіні белгілі. Сонымен қатар, теория мен практиканың айырмашылығын да ескеру маңызды. Кейде студентке оқу процесі ұнамауы мүмкін, алайда мамандық бойынша жұмыс тәжірибесі қызықты болуы ықтимал. Сондықтан тағылымдамадан өту, еріктілік жобаларға қатысу немесе part-time жұмыс істеп көру пайдалы. Егер студент өзіне басқа бағыт жақын екенін нақты түсінсе, мамандық ауыстырудан қорықпауы керек. Бұл – қателік емес, кәсіби тұрғыда өзін іздеу процесі. Ұнамайтын салада ұзақ жыл жұмыс істегеннен гөрі, уақытында дұрыс шешім қабылдау әлдеқайда тиімді деп ойлаймыз.
Бүгінде еңбек нарығында тек диплом емес, адамның нақты дағдылары маңызды рөл атқаратынын біз әріптестерімізбен әрқашан қайталап айтып, ескертіп отырамыз. Атап айтқанда, коммуникация, цифрлық сауат, шет тілдерін білу және аналитикалық ойлау қабілеті жоғары бағаланады. Сондықтан көптеген жастар дипломы бір салада болғанымен, басқа бағытта табысты еңбек етіп жүргенін көру дағдыға айналып кетті. Ең бастысы – студент қоғамның немесе айналасының қысымымен емес, өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сүйене отырып шешім қабылдауы қажет.
Ең жиі кездесетін қателік – мамандықты өз қалауымен емес, сыртқы факторларға қарап таңдау. Мысалы, кейбірі грант көп бөлінетін салаға барады, енді бірі ата-анасының немесе достарының кеңесіне сүйенеді. Кей жағдайда оқушылар мамандықтың атауына қызығып, оның ішкі мазмұнын толық зерттемейді. Болашақта қандай жұмыс атқаратынын, ол салаға қандай қабілет қажет екенін ойлана бермейді. Соның салдарынан оқу барысында таңдауы өзіне сәйкес келмейтінін түсініп жатады. Тағы бір мәселе – көп оқушы өз қабілеті мен қызығушылығын нақты білмейді. Біреу гуманитарлық бағытқа жақын болса да, қоғамда сұраныс жоғары деп техникалық мамандықты таңдайды. Бірақ адамға ұнамайтын салада мотивацияны сақтау қиын. Сондықтан мамандық таңдағанда тек қазіргі трендке емес, адамның өзіне не жақын қабілеті соған келе ме дегенді түсіну маңызды. Сонымен қатар болашақтағы даму мүмкіндігіне, еңбек нарығындағы сұранысқа және жеке қабілетке бірге қарау керек деп ойлаймыз.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін