Мәселені таныспен емес, заңмен шешуді үйрену керек

Құқықтық ағарту – сыбайлас жемқорлықты жоюдың тиімді әдісі.  

Мәселені таныспен емес, заңмен шешуді үйрену керек

2019 жылы құрылған "Жас заңгерлер палатасының" негізгі мақсаты студент-заңгерлерге, тағылымдамадан өтуші жастарға тәжірибелік білім беріп, тәжірибелі заңгерлермен нарықта бірге дамытуды көздейді.

"Жас заңгерлер палатасы" тегін құқықтық көмек көрсетеді

Біздің мамандар халыққа тегін кеңес береді. Болашақта мұндай көмекпен бүкіл Қазақстанды қамтуды жоспарлаудамыз. Ең алдымен  құқықтық кеңесті халықтың әлеуметтік осал тобынан бастадық. Ол үшін Lawcenter қосымшасын қолдандық, бұл әлеуметтік жобалар шеңберіндегі барлық процестерді цифрландыруға мүмкіндік берді. Осылайша "Қазақстан заңгерлер одағы" РҚБ және "Ұлан-ғайыр дала елі" ҚБ серіктестерімізбен бірге қазір төрт аймақта, атап айтсақ, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда облыстарында тегін құқықтық көмек көрсетіп жатырмыз. Қазірге дейін 500-ден астам адам кеңес алды.

Бізге халық әртүрлі сауалдар бойынша жүгінеді. Оның ішінде ең жиі кездесетіні жәрдемақы, алимент, несие бойынша. Сонымен қатар олар өтініштерді жіберу, тұтынушылар құқығын қорғау бойынша анықтамалық сұрақтар жолдайды.

Заңды білу – жемқорлардың қармағына ілінуден сақтайды

Шынын айту керек, елімізде қандайда бір құзырлы органдарға өтініш немесе арыз жазғаннан кейінгі қадамның барлығы ақылы түрде жүзеге асады. Оның ішінде заңды да, заңсыз алымдар, парақорлық фактілері бар. Сондықтан халық мәселені заңды жолмен емес, ақша немесе таныспен шешудің жолын іздейді. Ал білікті мамандардан кеңес алған адамдардың құқықтық сауаты артады. Бұл дегеніміз көпшілік заңның күшіне сене бастайды, өз құқықтары мен басымдықтарын түсінеді. Осылайша елдегі құзырлы органдарға сенім артады. Кейін сыбайлас жемқорлық фактілері азаяды. Яғни, құқықтық ағарту – сыбайлас жемқорлықты жоюдың тиімді әдісі екені анық.

Сонымен қатар бұл бағытта күні кеше ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен "Жас заңгерлер палатасы" қоғамдық бірлестік арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған өзара іс-қимыл халыққа құқықтық көмек көрсету және азаматтардың құқықтық таным деңгейін арттыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыру бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Енді біздің палата өкілдері 20212 жылдың қаңтар айының басынан бастап "Antikor ortalygy" және әкімдіктер базасында халыққа тегін құқықтық кеңес беріп, дәрістер өткізеді.

4 студентке шәкіртақы тағайындалды

"Жас заңгерлер палатасы" қоғамдық бірлестігі биыл 4 студентке 20 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындады. Ол заң саласына енді ғана аяқ басқан мамандарды қолдау мақсатында қабылданға шара. Әлбетте, көп сома емес. Алайда, бұл жас мамандарды өзіндік қаржылық қолдау жолы. Ал шәкіртақы алатын студенттер кеңес беру орталығында халыққа көмек көрсетеді. Мұнда "жас маман қоғамның сан сауалына жауап таба ала ма?" деген заңды сұрақ туары анық.

Ол үшін арнайы жүйе жасадық. Студенттер келген адамның сауалын жазып алып, оған 24 сағаттың ішінде жауап береді. Тәжірибелі мамандар бұл жауаптың дұрыстығын қадағалайды, студенттерді үйретеді. Бұл Еуропада бар әдіс. Келген адаммен сөйлесуден бастап, мәселені шешудің жолына дейін тізбектеп шығады. Осылайша тәлімгерлер тәжірибе жинайды. Оқуын бітіргенде қазіргі студент тәжірибелі маман болып шығады.

Жазып алған Құралай Құдайберген

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу