Барлық қарыз алушылар кредитті алу оңай, төлеу қиын екенін түсінулері керек. Өзіңді және отбасыңды қарызға белшеден батырмас үшін әлеуетті қарыз алушы кредит алу туралы шешім қабылдамас бұрын сауатты қарыз алудың бес тәсілін білуге тиіс.
1-тәсіл. Кредитке зат алуға мүмкіндігіңіз бар екеніне көз жеткізіңіз.
Кредитке тауар сатып алу туралы шешім қабылдағанға дейін сол затты сатып алуға деген қажеттілік кредитті төлеумен байланысты барлық тәуекелдерден асып түсетініне толық сенімді болу қажет. Өз қаржылық мүмкіндігіңізді саралап, кредит бойынша ай сайынғы төлемдер отбасылық бюджетке салмақ түсірмейтіндей етіп есептеп алу қажет.
Ең бастысы, қарыз бойынша ай сайынғы төлем отбасылық бюджеттің 20%-нан аспағаны жөн.
2-тәсіл. Кредиттеудің неғұрлым оңтайлы талаптарын тауып алыңыз.
Банктік қарыз шартын жасамас бұрын бірнеше банктің қарыз беру талаптарын зерделеп, мыналарға ерекше көңіл бөлу керек:
Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі (дүкендерде кредит ресімдеудің жылдам және ыңғайлы болуы әдетте өте жоғары пайыздық мөлшерлемеге ұрынуға әкеліп соғады);
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – кредиттің нақты құны. ЖТСМ мөлшері аз болған сайын кредиттеу талаптары тиімдірек болады. Банктік қарыз шартын жасау сәтіне ЖТСМ 56%-дан аспауы керек. ЖТСМ мөлшерін өздігінен мына сілтеме бойынша есептеуге болады: http://nationalbank.kz/?docid=1382&switch=russian );
Қарызды өтеу тәсілі: аннуитеттік (тең төлемдермен өтеу) немесе сараланған (негізгі борышты тең үлестермен өтеу) не банктің ішкі ережелеріне сәйкес басқа тәсіл;
Кредиттеу мерзімі (кредиттеу мерзімі ұзақ болған сайын ай сайынғы төлем аз және сыйақының көп сомасы банкке төленуге тиіс);
Ай сайынғы төлемнің мөлшері, төлемдердің жиынтық сомасы (ай сайынғы төлемге негізгі борыштың бөлігі, бір айда есептелген сыйақы және кейде банктің комиссиялары кіреді; алатын қарыздың сомасын төленуге тиіс сомамен (берешекті өтеу кестесіндегі) салыстыру қажет);
Қарыз сомасын қайтару және (немесе) жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша сыйақы төлеу міндеттемесін бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алған тоқсан күн ішінде әрбір мерзімі өткен күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауы керек, мерзімін өткізіп алған тоқсан күн өткен соң әрбір мерзімі өткен күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан, бірақ банктік қарыз шарты қолданысының әрбір жылы үшін берілген қарыз сомасының он пайызынан аспайды.
Банктік қарыз шартының талаптары. Банк қарыз алушының қалауы бойынша танысу үшін шарттың үлгі нысанының көшірмесін беруге міндетті. Банктік қарыз шартында мыналар болуға тиіс:
1) шарт жасалу күні;
2) банктік қарыз мақсаты;
3) қарыздың жалпы сомасы мен валютасы;
4) қарыздың мерзімі;
5) сыйақы мөлшерлемесінің түрі (белгіленген немесе өзгермелі), жылдық пайыздармен сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері, шарт жасалу күніндегі ЖТМС мөлшері;
6) егер шартта сыйақының өзгермелі мөлшерлемесі көздеген жағдайда, сыйақының өзгермелі мөлшерлемесін есептеу тәртібі;
7) қарызды өтеу тәсілі (қолма-қол ақшамен, қолма-қол ақшасыз);
8) қарызды өтеу әдісі;
9) қарыз бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
10) негізгі борыш уақтылы өтелмеген және сыйақы төленбеген жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және оның мөлшері. Жеке тұлғаға қарыз беру кезінде тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) шекті мөлшері, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" ҚР Заңында көзделген есептеу тәртібі көрсетіледі;
11) қарыз беруге байланысты алынуға тиісті комиссиялардың және басқа да төлемдердің толық тізбесі және олардың мөлшерлері;
12) қарызды өтеудің және сыйақының тәртібі (касса арқылы, банктік шотқа қашықтан терминал арқылы және басқалар тараптардың келісімі бойынша) кезеңділігі;
13) қамтамасыз етусіз берілген қарызды қоспағанда, қамтамасыз ету (түрі: кепіл, тұрақсыздық айыбы, кепілдік, кепілдеме, ұстап қалу және өзге түрлері);
14) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше тәсілмен орындамаған жағдайда банк қабылдайтын шаралар;
15) шарттың қолданылу мерзімі;
16) қарыз алушы – заңды тұлғаның банкке ұсынатын есебінің түрлері мен мерзімдері;
17) қарыз алушының (тең қарыз алушының) өзі туралы мәліметтерді кредиттік бюроға беруге және кредиттік бюроның ол туралы мәліметтерді банкке кредиттік бюроның кредиттік есеп беруге келісімінің, сондай-ақ тараптардың өз міндеттемелерін орындауына байланысты ақпараттың болуын көрсету;
18) банктің пошталық мекенжайы мен электрондық адресі туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы туралы деректер.
3-тәсіл. Банктің тарихымен және беделімен танысыңыз
Кредиттерді беру – бұл банктік қызметтің лицензияланатын түрі. Осыған байланысты банкте уәкілетті органның кредитті беруге арналған лицензиясы болуға тиіс. Кредитті бұрыннан құрылған беделі бар банктен алған дұрыс. Алайда, мұндай жағдайда клиенттік базасын енді ғана қалыптастырып келе жатқан және кредиттеудің барынша жеңілдетілген талаптарын ұсынатын дамушы банкке қарағанда, оның кредиттеу талаптары қатаң болатынын ескерген жөн.
4-тәсіл. Қарыз бойынша міндеттемені мерзімінде орындаңыз
Банктік қарыз шартына қол қою арқылы қарыз алушы қарызды өтеу кестесінде белгіленген мерзімде қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді орындауға келіседі. Қарыз бойынша төлемді мерзімінен 2-3 күн бұрын жасағаныңыз жақсы, осылайша қарыз алушы өзін мерзімі өткен берешек туындауы мүмкін күтпеген жағдайлардан (демалыс және мереке күндері, банк жүйесіндегі сәтсіздіктер және т.б.) қорғайды.
5-тәсіл. Несиені төлеу мүмкіндігі болмаған жағдайда банктің кеңестерін алыңыз және құқықтарыңыз бен мүдделеріңіз бұзылған жағдайда көмек алыңыз.
Күтпеген жағдай болған жағдайда (мысалы: жұмыстан айрылу, кенеттен ауыру және т.б.) қарыз алушы берешекті қайта құрылымдау: несие мерзімін ұзарту, төлемдерді уақытша кейінге қалдыру, пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту және т.б. үшін банкке өтініш жасау керек.
Банк қарыз алушыдан жазбаша өтініш алғаннан кейін күнтізбелік 15 күн ішінде банктік қарыз шарты шарттарындағы ұсынылған өзгерістерді қарауға және қарыз алушыға жазбаша түрде: банктік қарыз шарты шарттарына ұсынылатын өзгерістермен келісілгендігі туралы, банктік қарыз шартының шарттарын өзгерту туралы өзінің ұсыныстары туралы, немесе бас тартудың себептерін дәлелді негіздеу арқылы банктік қарыз шартының талаптарын өзгертуден бас тарту туралы хабарлауға міндетті.
Банкпен сындарлы диалог болмаған жағдайда, қарыз шартын жасасқан қарыз алушы өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Алматы қаласы, Әйтеке би көшесі, 67-үй мекенжайы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қоғамдық қабылдау бөлмесіне немесе www.nationalbank.kz сайтында "Ұлттық Банк туралы" бөлімде көрсетілген мекенжайлар бойынша оның аумақтық филиалдарына, сондай-ақ банк омбудсменіне (www.bank-ombudsman.kz, office@bank-ombudsman.kz, мекенжайы: 050000, Алматы қ., Н. Назарбаев даңғ., 175-үй, 302-офис., тел. +7 (727) 2612216, +7 708 983 30 16) жүгінуге құқылы.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін