Өйткені олар келіп, жергілікті нарықтағы банктермен бәсекелесе бастайды. Оларда корпоративтік мәдениет дегені тез жасалған ыңғайлы шарттар, біздің азаматтар сол жерде жұмыс істейтін болады. Яғни белгілі бір дәрежеде осы жағынан алғанда пайдалы деуге болады. Несие пайыздары қатты төмендейді деп айта алмаймын. Өйткені бәрібір шетелдік банктер келгенімен, олар Ұлттық банктің қойып отырған базалық пайыз мөлшерлемесі негізінде жұмыс істейтін болады. Сондықтан олар бәрібір де нарықтағы ең төменгі пайыздық мөлшерлемеден төмен несие бере алмайды деген сөз. Салыстырмалы түрде алып қарағанда тұтынушылық несиені біздің банктер 50 пайыздың деңгейінде беріп жатса, олар бәлкім 40 пайызбен беруі мүмкін. Өте қатты болмаса да, пайыздық мөлшерлемеде аз ғана ықпалы болуы мүмкін.
Қауіп-қатерлерден бастасам, ол бар болуы мүмкін. Жергілікті банктер бәсекеге төтеп бере алмай, өздерінің табысынан айырылуы мүмкін. Ортақ нарықтағы үлесінен деп айтайықшы. Өйткені егер олар жақсы жұмыс істесе, нарықтағы үлесінің көп бөлігін өздері алатын болады. Оң жақтарына келсек, корпоративтік мәдениеттің келуі, олар да бәсекелестікке түседі, белгілі бір дәрежеде банк қызметінің сапасының артуына ықпал етуі мүмкін. Себебі жергілікті банктер де олармен бәсекелеседі. Осындай жағынан халық үшін пайдалы болады деп айтар едім. Ең маңыздысы – бәсекенің пайда болуы. Сондықтан да шетелдік банктердің келуімен олардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдайлар жасалғаны дұрыс.
Біздің нарық бәрібір кішкентай. Онда негізінен үлес салмағы басым ірі банктер бар. Біздегі банктер әлі де қырағы, әлі де бәсекеге қабілетті болу үшін қызмет сапасын арттыруға үлес қосатын болады. Шетелдік банктер келгенмен нарықты жаулап алады деп тағы айта алмаймыз. Нарықпен қалай жұмыс істейтініне қарау керек. Яғни, олар жұмыс істей алмай, банкрот та болып кетуі де мүмкін. Осы мәселені айтқым келеді. Олар кәсіпкерлік тәуекелмен келеді.
Біздегі банк секторы нашар деп айта алмаймын. Дегенмен де банктердің жақсы жұмыс істеуі "дені дұрыс экономика болса, дені дұрыс банктер болады" деген қағидаға келісемін. Бізде экономика дені дұрыс деп айта алмаймыз. Шикізатты экономика, қаншама диверсификация жасаймыз, өндірісті индустриаландырамыз деп айтылғанмен, ол процесс жүріп жатқан жоқ. Жүрсе де, көп жағдайда мүлдем нәтижелі емес. Бізге ең әуелі мықты экономика керек.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін