Егін шаруашылығы жылы су бар жерде дамиды. Бізде Сыр суының сарқып азаюы ауылдардың тоқырауына әкеп соқты. Дегенмен, біз сол аз суды да үнемдеп пайдаланбай, ысырапшылыққа жол беріп келеміз. Суларды арықтардан асырып көл етпей, оның әрбір тамшысын сақтап пайдалану керек. Суды ысырап еткендер жауапқа тартылуы қажет. Алыс жерден егін алқабына жеткенше біраз су жерге сіңіп кетеді. Сондықтан, бұндай жерлерге бетон лотоктары мен құбырларды қолданған жөн. Біздің ойпатта жерасты ыза сулары өте мол. Ол ыза суларды пайдалану үшін сол судың деңгейіне дейін траншея қазып, асбест цемент дренеж құбырларын көму керек. Сонда одан аққан мол ыза суға ие боламыз. Жоғары саға жақтан бізге дәл осындай ыза сулар да ағып келіп жатқанын көргенмін. Бір жағынан ыза сулардың жойылып, орнына ауа баруы егіншілік үшін аса қажет. Яғни, заңды түрде ыза суларын өзенге ағызып жіберу керек. Сонда ол жердің өнімі мол болып, жер тез арада тоза қоймайды. Біздің аймақта аграрлық саланы дамыту үшін осындай егін егу технологиясын орындауымыз керек.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін