Жинақ салымнан асып түскенде

9700

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы жеке тұлғалардың банктік салымдарының жалпы сомасынан асып кетті.

Жинақ салымнан асып түскенде

Ресми мәліметтер бойынша, азаматтардың  банктер депозиттеріндегі ақшасы 8,385 трлн теңге, ал БЖЗҚ-ы шотындағы салымдары 8,445 трлн теңге болған. Еліміздегі барлық банкке қарағанда, бір жалғыз зейнетақы қоры халықтың ақшасын көптеп тартып отырғанының өзі көп жағдайдың бетін ашып береді. Бұл бәрінен бұрын міндетті жинақтаушы жүйенің еріктіге қарағанда қандай артықшылығы барын көрсетеді.

Банк депозиттері азаматтарға ақшаны басқаруда үлкен еркіндік береді. Сондай-ақ олар валютаны таңдау еркіндігін бергендіктен, азаматтар мұны белсенді түрде пайдаланып жүр. Долларсыздандыруға үндеу жасалып жатқанына қарамастан, жеке тұлғалар депозиттерінің 47%-ы бұрынғыша шетелдік валютада сақталуда, бұл девальвация тәуекелдерінен қорғанудың жалғыз жолы болып отыр.

БЖЗҚ-ға аударымдар мүлдем басқаша тәсіл арқылы іске асады, яғни оны басқаруда ешқандай еркіндік жоқ, табыстылығы төмен, ресми инфляцияны жабуға әзер жетеді, сонымен қатар тек теңгемен ғана жинақтай аласыз.

Әйткенмен де қалай болғанда да, зейнетақы жарналарының міндеттілігі осы кемшіліктердің барлығын оңай жауып кетеді де, зейнетақы жүйесіндегі қаражат азаматтардың банктердегі жинағынан асып кетуге мүмкіндік беріп отыр. Зейнетақы қорындағы барлық қаражаттың тек 0,2%-ы ғана ерікті зейнетақы жарнасына тиесілі. Басқаша айтқанда, бұл құрал жұмыс істемейді және зейнетақы алымы жүйесі толығымен міндетті болып саналады.

Бүгінгі күні жинақтаушы зейнетақы жүйесінің аударымдарды жинау тетігі ретке келтірілді. Аударымдардың массасы күн санап өсіп, банк депозиттерінен одан сайын озып кете бермек. Бір айта кетерлігі, зейнетақы қоры банктерді қорландырудың басты көздерінің бірі. БЖЗҚ-ның банк депозиттері мен облигацияларына салынған активтерінің жалпы үлесі 18%.

Мемлекет үшін салымшылар алдындағы міндеттемесі теңгемен белгіленген, үнемі өсетін ақша қорының маңызды екені сөзсіз. Ал қордың бұл ақшаны әлдеқайда тұрақты валютамен инвестициялауға мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері БЖЗҚ-ның теңгелік инвестициялары 2%-ға, долларлық инвестициялары 26,5%-ға өскен! Осының нәтижесінде ұлттық валютадағы салымдар үлесі 5%-ға төмендеп, доллардағы үлесі 5%-ға өскен.

Зейнетақы жинақтарының одан сайын өсе түсуі мемлекет үшін үлкен арзан ақша көзі болып табылады. БЖЗҚ активтерінің  47%-ға жуығы мемлекеттік құнды қағаздарға салынған. Мұндай инвестициялардың көлемі жыл басынан бері 10%-ға өскен.

Осылайша азаматтардың жинақтарын мемлекет тарапынан қадағалаудың артып бара жатқанын аңғаруға болады. Мемлекет қазірдің өзінде оларды тарту мен пайдалануда да алда келе жатыр. Сонымен қатар табыстылық деңгейін де мемлекет белгілейді.

Мұның соңы қаржы жүйесіне сапалық тұрғыдан өзгерту жасау қажеттігін тудыратыны белгілі. Жеке сектордың қаражатты тарту мен инвестициялауға қатысты мүмкіндігі тарылып, мемлекет қаржы нарығында басты ойыншы айналуда.  

Осының барлығы мемлекеттің тұрақтылық қиялын тудырады. Егер міндетті жарна тетігі арқылы ақша жинауға болатын болса, халықты қаражат жинақтауға ынталандырудың керегі не?

Бір нәрсені түсіну қажет: азаматтарды өз жинақтарының  тағдырына араластырмау – қаржы жүйесін әлсіз етеді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу