Ана мен бала орталығында сәбилерде кездесетін ретинопатияны емдеу жеңілдей түсті

Елімізде шала туған нәрестелер арасында ретинопатияны  диагностикалау мен емдеу жақсарып келеді. 

Ана мен бала орталығында сәбилерде кездесетін ретинопатияны емдеу жеңілдей түсті

Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы шала туған нәрестелер арасында ретинопатияны анықтауға арналған құрал-жабдықпен толықты. AYALA қоғамдық қорының көмегімен және "Шеврон" компаниясының демеушілігімен медициналық орталыққа заманауи ретиналды камера тапсырылды.

Ретинопатия – шала туған нәрестелерде көру қабілетінің біржола жоғалуына әкеп соғатын көз ауруы.

2022 жылы елімізде ретинопатия анықталған жаңа туған нәрестелердің саны 1523 баланы құрады. Офтальмолог мамандары көз торының лазеркоагуляциясы бойынша 597 балаға ота жасады. Бұл 2021 жылға қарағанда 34%-ға артық.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда мерзімінен бұрын туған нәрестелердің 40%-ға жуығы ретинопатиямен ауырады. Оларды толық соқырлықтан құтқару үшін күрделі диагностиканы және одан кейін күрделілігі бұдан төмен болмайтын лазерхирургиялық отаны ертерек жасау қажет.

Енді офтальмолог дәрігерлер шала туған сәбилердің көз ауруын жедел түрде анықтап, емдей алады. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында мамандарға қажет офтальмологиялық жабдықтың толық жиынтығы – ретинальды камера, офтальмоскоп және лазерхирургиялық қондырғы бар.

"Жаңа туған нәрестелердің ретинопатиясы жобасы басталғалы бері жақсы команда құрылып, осы уақыт аралығында өте жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Оған кішкентай пациенттеріміздің ата-аналарының алғысы, шетелдік әріптестеріміздің айтқандары дәлел. AYALA қоғамдық қорына  үлкен алғысымды білдіргім келеді. Балалардың игілігі үшін одан әрі жемісті ынтымақтастықта жұмыс істейтін боламыз деп сенемін", - деді Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы балалар хирургиясы департаментінің директоры Дамир Дженалаев.

Жаңа құрылғының іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін өз көзімізбен көріп қайттық. Орталық дәрігерлері кішкентай пациенттің көзіне қалай диагностика жасалатынын көрсетті.

"Сәби 27 аптасында 856 грамм салмақпен дүние есігін ашты. Ол Жезқазғанда өмірге келді. Скрининг барысында дәрігер сәбидің бойында агрессивті ретинопатияны анықтады. Бұл ретинопатияның ең асқынған түрі. Сәби біздің орталыққа санавиация арқылы жеткізілді. Оның диагнозы расталып, ота жасалды. Бүгінгі таңда сәбидің жағдайы жақсарып келеді", - деді орталықттың офтальмолог дәрігері Альфия Габайдулина.

Дәрігердің сөзінше, шала туған ретинопатия анықталған сәбилерге ота жасалған күннің өзінде олар ұзақ уақыт бойы мамандардың бақылауында болады. Себебі оларда келешекте астигматизм, миопия дамуы мүмкін, деп атап өтті Альфия Габайдулина.

"Бүгінгі таңда Қазақстанда 22 мыңнан астам шала туған нәресте дүниеге келеді. Оның ішінде шала туған ретинопатиямен 3 мыңға жуық нәресте бар. Біздің Қор үлкен жұмыс атқарды.  Қазіргі таңда біздің жабдықтар 16 ғылыми және медициналық орталықта тұр. Көптеген медициналық жабдық сатып алынып, офтальмолог мамандары оқытылды. Демеушілеріміздің арқасында "Шеврон" компаниясы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына  офтальмоскоп пен ретинальды камераны сыйға тартты. Біз "Шеврон" компаниясына көру қабілеті бойынша жаңа туған балалардың мүгедектігін азайтуға көмектескені үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз", - деді AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова.

Қайырымдылық қорының бастамасын қолдаған "Шеврон" компаниясы Қазақстанда 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

"Мұнай-газ жобаларымен қатар, біз көптеген әлеуметтік жобаны да іске асырып жатырмыз. Оған денсаулық сақтау, білім беру және кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жобалар кіреді. Денсаулық сақтау саласында балалардың денсаулығына, ана мен баланы қорғауға үлкен мән береміз. Біз 2007 жылдан бері Аяла қорымен жұмыс істеудеміз. Астана, Алматы қалаларында, Ақмола облысының Ерейментау қаласында көптеген бірлескен жобаларды іске асырдық. Бұл жабдықтың Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында тұрғанына өте қуаныштымын. Мұнда республиканың түкпір-түкпірінен балалар келіп, емделетінін білеміз. Офтальмологиялық жабдық  ұзақ жылдар бойы балалардың игілігі үшін қызмет етеді деп үміттенеміз", - деді "Шеврон" компаниясының өкілі, әлеуметтік инвестициялар жөніндегі үйлестіруші Жанар Қошпанова. 

"Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінің саясатында балалардың бойындағы ауруларды уақытылы әрі ерте анықтауға ерекше мән беріледі. Бұл ДДҰ-ның ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталған жаһандық стратегияларының бірі болып есептеледі. Шала туған нәрестелердегі ретинопатия сияқты аурулар бізді қатты алаңдатады. Ретинальды камераның және басқа құрылғылардың арқасында бұл балаларға зерттеулер, денсаулығына бақылау жүргізіледі. Қажеттілік туындаған жағдайда және көрсетілімдер болған кезінде балаларға лазерлік түзету жүргізіледі", - деді Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

"Шала туған нәрестелердің ретинопатиясы" жобасы жүзеге асқан 1,5 жыл ішінде AYALA қоры диагностикалық және хирургиялық медициналық құрал-жабдықтарды, соның ішінде 5 лазерлік қондырғыны, 3 ретиналды камераны, 13 офтальмоскопты, сондай-ақ "Луцентис" препаратының 84 құтысын Қазақстанның мемлекеттік Ғылыми және Перинаталдық орталықтарына сатып алуға және беруге 248 миллион теңгеден астам қаражат жұмсады. Осы көмектің арқасында 2 мыңнан астам жаңа туған нәресте қор жабдықтарында көз тексеруінен өтті.

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу