Кішкентай өмір ақшадан қымбат

Бала өлімі мен мүгедектігін азайту - кез келген мемлекеттің басым міндеті. 15 жыл бойы AYALA қайырымдылық қоры қазіргі қоғамның осы өзекті мәселесін шешумен табысты айналысып келеді. 

Кішкентай өмір ақшадан қымбат

2007 жылы қор өз жұмысын бастағанда, елімізде қайырымдылықпен кәсіби айналысатындар көп болған жоқ. Бүгінде жағдай өзгерді. Түрлі еріктілер қозғалыстары, қиын өмірлік жағдайда адамдарға көмек көрсету топтары пайда болды. Қайырымдылық қорлары да көбейді. Бірақ AYALA бұл тізімде ерекше, себебі қор жұмысындағы басты тәсіл - тиімді қайырымдылық. 15 жыл ішінде AYALA ҚҚ нәрестелер мен балалар өлімін азайту, жасөспірімдерді кәсіптік бағдарлау және ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларға көмек көрсету жобаларына бес миллиард теңгеден астам қаражат жұмсады.

- Жұмыстың басында біз біржолғы қаражат жинау - біздің жолымыз емес деп шештік, - дейді AYALA қорының президенті Айдан Сүлейменова. - Дәрігер ретінде мен түсінгенім, тек жүйелі тәсіл ғана ауқымды нәтижелерге алып келуі мүмкін. Сондықтан біздің қор балалар реанимациясына арналған жабдықтармен жұмыс істейді және Қазақстандағы сәбилер мен балалар өлімі мен мүгедектігін азайту сияқты өткір әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Сондай-ақ, біз балалар ауруханаларының, перинаталдық орталықтардың және перзентханалардың дәрігерлерін оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға көмек көрсетуді ұйымдастырамыз. Қордың балалар өлімі көрсеткішін төмендетуге қосқан үлесін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі атап өтті, ол «Тыныс ал, балақай» және «Басқарылатын гипотермия» жобалары бойынша ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды.

Қор қызмет еткен жылдар ішінде қазақстандық 67 денсаулық сақтау мекемесіне 2,2 миллиард теңгеге 1100 бірлік реанимациялық және медициналық жабдықтар берді. Осы жабдықтардың және дәрігерлер біліктілігін арттыру кезінде алған білімдерінің арқасында 200 мыңнан астам бала құтқарылды.

 

- Біз AYALA қорымен 14 жыл жұмыс істеп келеміз! Осы уақыт ішінде олар біздің орталықты заманауи жабдықтармен жабдықтады, соның арқасында біз көптеген сәбилердің өмірін құтқардық, - дейді Қалалық перинаталдық орталық директорының орынбасары Салтанат Ерболатова. - 2008 жылы орталық Қазақстанда тірі туудың халықаралық стандарттарын енгізу бойынша пилоттық жобаның қатысушысы болды. Яғни, салмағы 500 грамнан асатын балаларды бағу бағдарламасы іске қосылды. Мұндай сәбилер ерекше күтімді, тиісті жағдайларды, жабдықтарды, тәсілді талап етті. Мерзімінен бұрын туған баланың барлық ішкі органдары, оның ішінде көздің торы қалыптаспаған. AYALA қоры біздің орталыққа өкпені жасанды желдету және қарқынды терапия аппараттарын, nCPAP тыныс алу аппараттарын, реанимациялық үстелдерді, фототерапия шамдарын және балалар реанимациясы бөлімшелеріне қажетті басқа да ондаған құрылғыларды орнатты. Он жыл бұрын бізде жыл сайын 1000-ға жуық бала жаңа туған нәрестелердің реанимациясы арқылы өткен болатын. Қазір, өкінішке қарай, одан да көп. Бірақ жаңа жабдықтардың арқасында бізде бала күтімі бойынша көрсеткіштер жақсарып, кішкентай пациенттеріміздің өлімі бірнеше есеге азайды.

 

Қордың алдағы жылдарға арналған жоспарында балалар мүгедектігін қысқарту бойынша белсенді жұмыс бар. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай балалар саны қарқынды өсуде. Соңғы бес жылда бұл сан екі есеге артып, 100 мыңнан асты. Баланың өмірін сақтап қалу өте маңызды, бірақ одан да маңыздысы – оны функционалды түрде сау қалдыру. Сондықтан бірнеше жылдан бері AYALA қоры балалар реанимациясын балалардың мүгедектігін азайтуға көмектесетін осындай жабдықтармен және технологиялармен қамтамасыз етеді.

- Босану жыл сайын көбейіп келеді. Егер бұрын бізде бір жыл ішінде бес мың ана босанса, енді 9,5 мың бала дүниеге келді, - деп түсіндіреді Алматы қаласы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі Светлана Лисогор. - Бізде жабдықтар болды, бірақ ол барлық балаларға жетпеді. Әсіресе, фототерапия шамдары. AYALA қорының арқасында бізде дене салмағы өте төмен жаңа туған нәрестелерді қарқынды терапияға арналған фотошамдар, реанимациялық үстелдер, кювездер, инкубаторлар жеткілікті мөлшерде пайда болды. Осы жабдықтардың барлығы біздің жұмысымызда жақсы көмекшіге айналды. Ең бастысы қымбат тұратын жабдық - басқарылатын гипертермияға арналған аппарат жеткізілді. Ол ауыр асфиксиясы, гипоксиясы бар жаңа туған нәрестелерді емдеуге көмектеседі. Бұрын мұндай балаларды емдеу қиынға соғып, күрделі зардаптары қалып қоятын. Сәбилердің мүгедектігі жоғары болды. Қазір асқынулар саны бірнеше есеге азайып, балалар үйлеріне тез шығады, тез қалпына келеді. Біз ана мен бала денсаулығын жақсартуға бағытталған жобаларда қормен ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

Медициналық жабдық - мәңгілік емес және 5-7 жылдан кейін ауыстыруды қажет етеді. Сондықтан AYALA қоры медициналық мекемелерде бөлінген бюджет қаражаты жетіспейтін жаңа реанимациялық жабдықтарды сатып алу үшін үнемі қайырымдылық жарналарын жинап, демеушілер іздестіруде.

Тек 2021 жылы қор ірі демеушілерден және қазақстандықтардан қайырымдылық жарнасы түрінде 480 миллион теңгеден астам қаражат тартты, оның 216 миллионы Қазақстанның 12 перинаталдық орталығында 80 жаңа медициналық техника сатып алуға және орнатуға бағытталды. Алдағы 5 жылда бұл мыңдаған нәрестенің өмірі мен зиятын сақтап қалуға көмектеседі.

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу