Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel теңгенің долларға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (25 желтоқсан – 29 желтоқсан).
Аbctv.kz-ке пікір білдірген сарапшылардың дені биылғы жылдың соңғы аптасында теңге құбылмалы болмайды деген болжам ұстанып отыр. Сарапшылардың пікірінше, ұлттық валютаға негізінен энергия тасымалдаушылар нарығындағы жағдай әсер етпек. Сондай-ақ мұнай бағасының да ықпалы болмақ. Мұны «Альпари» компаниясының, «ФИНАМ» компаниялар тобының, «Еуразиялық Капитал» АҚ», «АНАЛИТИКА Онлайн Қазақстан» және IFC Markets компаниясының өкілдері алға тартуда.
Сарапшылар мереке қарсаңында инвесторлар тарапынан айтарлықтай белсенділік күтіп отырған жоқ. Дегенмен теңге бағамына рубльдің нарықтағы жағдайы (Wall Street Invest Partners), Дональд Трамптың салық реформасын мақұлдау туралы жаңалығы секілді ішкі және халықаралық деңгейдегі түрлі оқиғалар әсер етуі мүмкін.
Сарапшылардың толық пікірін abctv.kz дайындаған төмендегі сауалнамадан оқи аласыздар.
Наталья Мильчакова, «Альпари» компаниясы сараптамалық департаменті директорының орынбасары:
Жыл соңына дейін теңге бағамы долларына 332-336 теңге болады деген ойдамыз. Ал теңгенің еуроға шаққандағы бағамы 395-398 теңге деңгейінде болмақ. Теңгенің рубльге шаққандағы бағамына жасаған болжам мынадай: 1 рубль – 5,69-5,72 теңге. Мұнай бағасы тағы көтерілді. Барреліне 64 доллар деңгейінен асты. Демек жақын күндері теңге нығаяды деген сөз. Десе де теңгенің нығаюына ішкі және халықаралық деңгейдегі жағымсыз оқиғалар бөгет жасауы мүмкін. Алайда жаңа жыл алдында анау айтқандай теріс жағдай орын ала қоймасы анық. 2018 жылы макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға қатысты қаржы органдарының болжамдары да теңгені нығайтуға көмектесуі ықтимал.
Теңге биыл 2016 жылғыдай тиімді валюта болған жоқ. Теңге бір орында тұрды десек қателеспейміз. Өйткені жыл басынан қазіргі күнге дейін ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы бар жоғы 0,06%-ға ғана нығайды. Бұған ЖІӨ мен өнеркәсіп өндірісінің макроэкономикалық жақсы көрсеткіштері ықпал ете алмады. Десе де инфляция деңгейі әлі де болса жоғары. Біздіңше теңгенің барынша нығаюына кедергі келтірген осы фактор. Сондай-ақ қазақстандық валютаның динамикасына рубль де әсер етті. Ресей валютасының долларға қатысты бағамы жыл басынан бері небары 2,4%-ға ғана нығайды.
АҚШ-тың Ресейге қарсы қатаң санкциялары биылғы жазда валюта нарығында айтарлықтай дүрбелең туғызды. Егер санкцииялар Ресей экономикасына кері әсер етсе, онда Ресей рублі құнсызданады деген әңгімелер де айтылды. Жағдай дәл осындай сценариймен өрбіген жағдайда теңге де құнсызданатын еді. Бірақ валюта нарығында мұндай оқиға орын алған жоқ. Ал жылдың төртінші тоқсанындағы мұнай бағасының қарқынды өсімі, теңгенің жаздағы негативтердің орнын толтыруға мүмкіндік берді. Егер мұнай бағасы жоғары болса, келер жылы теңгенің доллар мен еуроға қатысты өз бағамын жақсартуға мүмкіндігі бар.
Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:
Соңғы сауда сессиясының қорытындысы бойынша америкалық индекстер оң деңгейде жабылып, соңғы екі жылдағы рекордтық көрсеткішке (3,2%) жақын орналасты.
АҚШ сенаты мен конгресі салық реформасы туралы заң жобасын мақұлдады. Дональд Трамп оған үшінші қаңтар күні қол қояды деп жоспарлануда. Аталған оқиға мен рождество мерекесінің жақындағаны мұхиттың арғы жағындағы ойыншыларға жақсы көңіл-күй сыйлары анық. Олар ұзақ мерзімді демалысқа тамаша көңіл-күймен қадам баспақ.
Соңғы сауданың қорытындысы бойынша мұнай бағасы 0,22%-ға қымбаттап, 64,65 долларға жетті. «Қара алтынға» Forties құбыр желілеріне қатысты жағдай қолдау көрсеткені даусыз. Құбыр желілері 2018 жылдың қаңтар айында ашылмақ.
Қазіргі уақытта Brent үшін жергілікті қолдау мәні 63,20 долларды және 63,5 долларды құрап отыр. Өз кезегінде 64,30 доллардан асып шоғырлану жылдық көрсеткіштердің өсуіне мүмкіндік береді.
Жұма күні келер аптадағы мұнай бағасының қозғалыс бағытын анықтайтын АҚШ-тағы Baker Hughes компаниясының бұрғылау қондырғылары санының динамикасына қатысты статистикасы күтілді. Статистикаға сүйенсек, АҚШ-тағы мұнай өндіруге арналған бұрғылау қондырғыларының саны өзгерген жоқ. Тиісінше 747 бірлікті құрады.
Біздің пікірімізше, алдағы аптада теңгенің негізгі үш валютаға қатысты бағамы айтарлықтай өзгеріске ұшырамайды. Болжам мынадай: 1 рубль – 5,6-5,8 теңге, 1 доллар – 332-335 теңге, 1 еуро – 394-397 теңге шегінде сақталуға тиіс.
Әли Сағындықов, «Еуразиялық Капитал» АҚ сарапшысы:
Біздің болжамға сәйкес, мұнай бағасы өзгеріске ұшырамайды. Brent-тің баррелі 63-65 доллар деңгейінде сақталады. Себебі АҚШ-тағы бұрғылау жұмыстарының өсуі бағаны айтарлықтай төмендете алатын жағдайда емес. Бүгінде мұнай бағасына ОПЕК ұйымының белсенділігі, АҚШ-тағы мұнай қорының төмендеуі қолдау көрсетіп отыр. Алдағы аптада валюта нарығында анау айтқандай өзгеріс орын алады дегенге сенбейміз. Сондықтан ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы долларына 333-335 теңге деңгейінде болады деген болжам ұсынамыз. Теңгенің рубльге қатысты бағамы 5,67-5,73 деңгейінде болмақ.
Михаил Цой, «АНАЛИТИКА Онлайн Қазақстан» компаниясының бас қаржы сарапшысы:
2017 жылдың соңғы аптасында валюта нарығы анау айтқандай құбылмалы болмайды. USD/KZT жұбына қазақстандықтар тарапынан алдағы мерекелерге қатысты сұраныстың артуы оң әсер береді деп есептейміз. Десе де жоғары деңгейге жеткен мұнай бағасы теңге бағамын өз ырқына көндіріп, өзгеріске ұшыратуы мүмкін. Осыған байланысты USD/KZT жұбы 331-336 шегінде саудаланады. Өз кезегінде рубльдің теңгеге қатысты бағамы 5,6-5,8 шегін құрамақ.
Олег Богданов, «Телетрейд Групп» компаниясының бас сарапшысы:
2017 жылдың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері толықтай анықталды. Орталық банктердің соңғы отырыстарының қорытындысын да білеміз. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: төртінші тоқсанда әлемдік экономика серпін алды. Өсу қарқыны шамамен 3-4%-ды құрады. Десе де экономикалық өсу қарқыны инфляцияны өсірмейді. Инфляция төмен деңгейді құрап отыр. Тіпті АҚШ пен Еуроаймақта да құлдырай бастады. Сондықтан федералды қор жүйесі мен Еуропа орталық банкі тарапынан ақша-несие саясатының қатаңдатылуы айқын емес. Осы орайда тағы да EM (Emerging Markets) валютасына деген сұраныс пайда болады. Өткен аптада ресейлік рубль де, аустралиялық доллар да, канадалық доллар да, қазақстандық теңге де жақсы деңгей көрсетті. Бұл тенденция алдағы аптада да жалғасады деген сенімдемін. Оның үстіне батыстағы рождество мерекесі қарсаңында инвесторлар жоғары валюталық кірістілікті таңдайды. Біздің болжам мынадай: USD/KZT – 330-332, EUR/KZT – 392-394, RUB/KZT – 5,9.
Ілияс Қасжанов, Wall Street Invest Partners компаниясы алматылық филиалының шеф-сарапшысы:
Таңертеңгілік сауда сессиясының қорытындысы бойынша, KASE-нің 22-желтоқсанындағы орташа сараланған бағамы долларға шаққанда 332,83 теңгені құрады. Алдағы мерекелік демалыстар бағамға айтарлықтай өзгеріс әкелді. Теңге күтпеген жерден екі сауда күнінде 0,73%-ға (2,43 теңге) нығайды.
АҚШ инвесторларының көбі мерекеде нарықтан алыстайды. Сондықтан бұл жағдай доллардың әлсіреуіне алып келеді. Доллар индексінің 93,30 деңгейіне дейін төмендеуі, нарық қатысушыларының долларға қатысты позициясының сенімсіздігін көрсетеді.
Сондай-ақ ҚР Ұлттық банкі тарапының мүддесін де естен шығаруға болмайды. Өйткені корпоративтік сыртқы борыштар бойынша алдағы төлемдер кезінде бағамның төмен болғаны маңызды. Әдетте бірінші деңгейдегі банктің қатысуы туралы деректі кейінгі ақпараттардан ғана білеміз.
Ағымдық міндеттемелерді ескере отырып, біз болжамға айтарлықтай өзгеріс енгіздік. Алдағы апта анау айтқандай құбылмалы болады деп ойламаймын. Сондықтан теңгенің долларға шаққандағы бағамы 332-334 шегін құрауға тиіс.
Ұлттық банктің солтүстіктегі көршімізге қатысты саясаты басталды. Өз кезегінде Ресейдің Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені азайтып, рубльдің позициясын нығайтуда. Бұл жағдай Қазақстан үшін тиімді. Себебі бұл жағдай экспорттың өсіміне жол ашпаса да, кем дегенде Ресейден келетін импорттың көлемін азайтады. Қымбат валютаның нәтижесінде тауарлар бәсекеге қабілетті болмай қалады. Ақша-несие саясаты бағытында өзгерістер күтіліп отырған жоқ. Сондықтан теңгенің рубльге қатысты бағамы баяу әлсірейді деген ойдамыз. Біздің болжам: 1 рубль – 5,6-5,8 теңге.
Мырзажан Байғонысов, Gerchik&Co-ның өңірлік серіктестігі – Bekis компаниясының аға менеджері:
Өткен аптада теңгенің америкалық долларға қатысты бағамы 337-334 шегінде сақталды. Федералды қор жүйесінің өкілі Ниль Кашкари инфляция деңгейі өте төмен деңгейде болған уақытта тарифтерді көтеру дұрыс емес екенін мәлімдеді. Кашкаридың ескертулеріне қарамастан, АҚШ доллары өзінің төмендеуін жеделдете түсті. Алдағы аптада доллар 334-тен 330-ға дейін әлсіреуі мүмкін.
Өткен аптада теңгенің рубльге қатысты бағамы 5,69-дан 5,74-ке дейін өсті. Келер аптада теңге/рубль жұбының бағамы 5,74-5,80 дәлізінде орын алады деп күтілуде.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets компаниясының сарапшысы:
Өткен аптада қазақстандық валюта едәуір нығайды. Оған негізінен экономикалық оң көрсеткіштер мен әлемдік нарықтағы мұнай бағасының көтерілуі әсер етті. Тарқатып айтсақ, Қазақстан 2017 жылдың 11 айында мұнай өндіруді 10,9%-ға арттырды. Осылайша теңге Bank of New York Mellon Қазақстанның Ұлттық қорының 22 млрд доллар көлеміндегі қаржысын тоқтатып қойғанына қарамастан ешқандай қысым көрмеді. Бәлкім бұл жағдайды шетелдік инвесторлар дұрыс қабылдаған шығар. Себебі Қазақстанда олардың мүддесі жақсы қорғалған. Алдағы дүйсенбіде, 2017 жылдың 25 желтоқсанында АҚШ және өзге де батыс елдері рождество мейрамын тойлайды. Сондықтан жылдың соңғы аптасында инвесторлардың белсенділігі айтарлықтай төмендейді. Сондықтан валюта нарығындағы жағдай былайша өрілуі мүмкін: 1 доллар – 329-337 теңге, 1 рубль – 5,65-5,75 теңге.