Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel оқырмандарға алдағы аптаға (30 қазан – 3 қараша) арналған теңгенің доллар мен рубльге қатысты валюта болжамын ұсынады.
ОПЕК+ ұйымы мұнай өндірісіне қойылған шектеуді одан әрі ұзарта ма? Федералды қор жүйесі (ФҚЖ) базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыра ма? Аbctv.kz жүргізген дәстүрлі сауалнамаға қатысқан сарапшылар осы екі сауалға басымдық берген екен. Ал консенсус-болжамның қорытындысы бойынша валюталық жұптарға қатысты бұл жолғы болжам өткен аптадағыдан айтарлықтай ерекшелене қойған жоқ.
Алдағы аптаға болжам білдірген сарапшылардың бәрі мұнай бағасының тұрақтылығы ұлттық валютаға оң әсер етіп жатқанын тілге тиек етіпті. «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы аяқтағалы тұрған аптада «қара алтынның» бағасы өзінің ең жоғары жылдық шегіне жақындағанын айтыпты.
Өз кезегінде TeleTrade Central Asia сарапшысы алдағы дүйсенбіде ОПЕК+ ұйымының отырысы өтетінін еске салыпты. Онда мұнай өндіруді азайту туралы келісімді одан әрі ұзарту мүмкіндігі қарастырылмақ. Сарапшының атап өтуінше, бұл жолғы отырысқа Ресей мен Сауд Арабиясы келіссөздер жүргізе отырып, барынша мұқият дайындалуда.
Ал IFC Markets компаниясының сарапшысы мұнай бағасының жоғарылығы 7 қарашаға дейін, яғни ОПЕК+ ұйымының кезекті отырысы өткенге дейін тұрақты сақталады деп есептейді. Аталған отырыста да мұнай өндіруді азайту туралы келісімді ұзарту мәселесі қаузалуы ықтимал.
«Қазақстан қаржы орталығы» ЖШС сарапшысы федералды қор жүйесінің отырысында АҚШ-тың Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені осы жылдың соңына дейін тағы бір мәрте көтереді деген болжам айтыпты. TeleTrade Central Asia сарапшысы керісінше, федералды қор жүйесі жақын уақытта өтетін отырыста мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деп есептейді. Сондай-ақ ол кездесу қорытындысы рубльді әлсіретуі мүмкін екенін алға тартып отыр.
Сауалнамаға қатысқан сарапшылар алдағы аптадағы бағамның қалыптасуына әсер ететін өзге де факторларды атапты. Нақтырақ айтқанда, федералды қор жүйесінің жаңа басшысын сайлау («Қазақстан қаржы орталығы» ЖШС), америкалық салық реформасының жобасын жариялау («ФИНАМ»), ФҚЖ сандық жеңілдету бағдарламасын азайту бойынша шараларды белсенді түрде бастауы мүмкін екендігі (TeleTrade Central Asia) және тоғыз айдың қорытындысы бойынша еліміздегі инфляцияның бірқалыпты төмендеуі келер аптадағы бағамның қалыптасуына әсер ететін факторлар ретінде айтылған екен (IFC Markets).
Сарапшылардың толық пікірін аbctv.kz дайындаған кезекті сауалнамадан оқи аласыздар.
Әліби Нұрбаев, «Қазақстан қаржы орталығы» ЖШС бас сарапшысы:
Осы аптаның қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 335 деңгейінде орнықты. Сыртқы факторлар ұлттық валютаның тұрақтылығына оң әсер етуде. Алайда теңге бағамына сыртқы факторлардан әзірше мұнай бағасының жоғарылығы ғана оң әсер етіп отыр. Доллардың өсуіне байланысты рублдің долларға қатысты бағамы өз позициясын жылдам жоғалта бастады. Нарық қатысушылары федералды қор жүйесінің жаңа басшысын тағатсыздана күтіп отыр. Осы бейсенбіде ФҚЖ басшылығынан дәмелі төрт кандидаттың екеуі шығып қалды. Олар – қор жүйесінің қазіргі басшысы Джанет Йеллен және Кевин Уорш. Енді екі үміткер ғана қалды. Олар – Джером Пауэлл және Джон Тейлор. Сонымен қатар салықтық реформа күрделі һәм шиеленісті жолдан өтетіндігін де естен шығаруға болмайды. Бұл факторлардың бәрі доллар бағамына оң әсер ететін болады. Оның үстіне Джанет Йеллин АҚШ-тың федералды қор жүйесі жыл соңына дейін пайыздық мөлшерлемені тағы бір мәрте көтеруді жоспарлап отырғанын ұқтырғандай болды.
Жоғарыда айтылғандарды қаперге ала отырып, доллар бағамы әлемдік нарықтағы өз позициясын одан әрі күшейте түседі деп ойлаймын. Ал Ұлттық банк теңгені валюталық интервенция жүргізу арқылы нығайта береді деп есептеймін. Десе де Ұлттық банк 1 долларға 345 теңге бағамында саудаға араласа бастайтын шығар, бәлкім.
USD/KZT валюталық жұбына келер аптада 335-340 деңгейінде болады деген пікірдемін. Ал RUB/KZT жұбына қатысты болжам – 5,80-5,95.
Анна Бодрова, «Альпари» компаниясының аға сарапшысы:
Соңғы апталарды теңгенің шетелдік валюта жұптарына қатысты сатылымы барынша қарқын алуда. Бұл мұнай нарығындағы және тұтас әлемдегі жағдайларға байланысты екені анық. Алдағы аптада доллар/теңге жұбы 333,50-335,50 шегінде болады деген болжам айтамыз. Еуро/теңге жұбы 386-395,00 деңгейінде сатылса, рубль/теңге жұбы 5,70-5,85 шегінде сақталуы мүмкін.
Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:
АҚШ конгресі өкілдер палатасының 2018 жылға арналған бюджеттік жоспарының қабылдануы аясында америкалық индекстар өзінің жоғары тарихи шегіне қарай жаңаруын жалғастыруда. Енді келер аптада жарияланатын салықтық реформа жобасы көпшіліктің қызығушылығын тудырмақ. Мұндағы «жоба» деген сөзге назар аударған жөн болар. Аталған құжаттың соңғы нұсқасы дайындалғанға дейін қыруар жұмыс атқарылады. Бұл өз кезегінде әлемдік қор алаңдарындағы құбылмалылыққа алып келуі мүмкін.
ОПЕК+ ұйымының әрекеті мен әлемдік жетекші банктердің «қара алтынға» деген сұраныстың артуына қатысты болжамдары аясында Brent сұрыпты мұнайдың бағасы осы бейсенбідегі саудада 1,8%-ға артып, 58,50 доллар деңгейіне жетті. Осылайша мұнай бағасы жылдық жоғары шекке – 60 доллар көлеміне жақындап қалды.
Біздің болжамға сәйкес, алдағы аптада теңгенің рубльге қатысты бағамы 5,80-5,9 шегінде болмақ. Ал ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 333-339, еуро/теңге жұбы 392-395 деңгейінде сақталуы мүмкін.
Сергей Полыгалов, TeleTrade Central Asia сараптамалық тобының басшысы:
USD/KZT жұбының бағамы мұнай нарығындағы жағдай мен ФҚЖ-ның отырысына байланысты болмақ.
Бейсенбі күні мұнай бағасы рекордтық деңгейге жетті. Ресей мен Сауд Арабиясының мұнай өндіруді азайту туралы келісімді одан әрі ұзарту жөнінде келіссөздер жүргізуіне және АҚШ-тағы мұнай қорына қатысты жарияланған статистикаға қарамастан «қара алтынның» бір баррелі 59 долларға сатылды.
Сәрсенбі күні АҚШ энергетика министрлігінің энергетикалық ақпараттар басқармасының (EIA) мәліметтері жария етілді. Онда 14-20 қазан аралығында ел қоймаларындағы мұнай қоры 856 мың баррельге артқаны айтылған. Есесіне бензин мен дизель отынының қоры тиісінше 5,5 млн баррельге және 5,2 млн баррельге төмендеген. Бұл жағдай шикізатқа деген сұранысты арттыруы мүмкін.
Сауд Арабиясы мен Ресей келіссөздер жүргізуде. Олардың діттегені – 30 қараша күні өтетін ОПЕК ұйымының кезекті отырысында мұнай өндіруді азайту туралы келісімді одан әрі ұзарту. Картель өкілдерінің айтуынша, бұл қадам оң нәтиже бермек.
«Қара алтын» бағасының жоғары болуы басқа бір қауіптің басын қылтитады. Атап айтқанда, америкалық тақтатас мұнай өндірушілер белсенділікті арттыруы ықтимал. Бірақ өндіріс көлемінің артыруы орта мерзімді болашақта нарыққа бірден әсер ете қоймайды.
1 қарашада ФҚЖ отырысының қорытындысы белгілі болады. Базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалады деген болжам бар. Алайда АҚШ-тың Орталық банкі сандық жеңілдету бағдарламасын азайту бойынша шараларды белсенді түрде бастауы мүмкін. Бұл өз кезегінде америкалық валютаға қолдау болмақ. Бірақ теңге жұбына әсері шектеулі ғана болмақ.
Алдағы апта бойы USD/KZT валюталық жұбы 332-336 шегінде саудаланады деген болжам бар.
Рубль бағамы Ресей Орталық банкінің пайыздық мөлшерлемеге қатысты жұмадағы шешіміне (мақаланы әзірлеу барысында нәтижесі жарияланған жоқ) байланысты болмақ. Егер пайыздық мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендейтін болса, ресей валютасына белгілі бір қысымның шектеуінде қалып қоюы ықтимал. Мұндай жағдайда рубльдің АҚШ долларына қатысты бағамы 58-58,50 шегінде болады (соңында пайыздық мөлшерлеме 25 базистік тармаққа кеміді. – abctv.kz). ФҚЖ отырысының қорытындысы да рубльдің әлсіреуіне жол ашуы мүмкін.
Доллар мұнай бағасының жоғарылығы оң әсер етеді. USD/RUB жұбы 57,50-58,50 шегінде саудаланады деген болжам бар. Бұл өз кезегінде RUB/RKZT жұбын 5,75-5,85 шегіне жеткізуі мүмкін.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets сарапшысы:
Менің ойымша, теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 330-340 шегінде сақтала бермек. Соған қарамастан теңге 325 шегіне дейін нығаюы да ықтимал. Бұған Brent сұрыпты мұнайдың барреліне 60 доллар деңгейіне жетуі ықпал етеді. 7 қарашада ОПЕК ұйымының отырысы өтеді. Онда мұнай өндірісіне қатысты шектеудің мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұл шектеу 2018 жылдың 1 тоқсанына дейін қарастырылған. 2018 жылы жыл бойына ұзартылуы да ықтимал. Меніңше, ОПЕК отырысына дейін мұнай бағасы жоғары деңгейде қала бермек. Осылайша бұл жағдай теңгенің бағамына оң әсер етеді. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында инфляция деңгейі 2016 жылғы сәйкес кезеңдегі 5,6%-бен салыстырғанда, 4,2%-ға дейін қысқаруы да теңге бағамына жағымды әсер береді. Бір жағынан инфляцияның бұлайша төмендеу экономика жақсы-ақ. Ал екінші жағынан бұл жағдай Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемені бірден төмендете қоюына түрткі бола қоймас. Теңгенің ресей рубліне қатысты бағамы 5,65-5,8 шегін құрауы мүмкін. Ресейдің Орталық банкі мөлшерлемені 8,5%-дан 8,25%-ға дейін төмендетті. Бұл қадам рубльдің және рубльмен сақталған активтердің тартымдылығын сәл-пәл төмендетті. Теориялық тұрғыдан алар болсақ, Ресейдің Орталық банкі мөлшерлемені биыл, 15 желтоқсанда өтетін отырыста тағы бір мәрте төмендетуі мүмкін.