Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel теңгенің долларға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (9 сәуір – 13 сәуір).
Аbctv.kz-тің осы аптадағы сауалнамасына негізінен Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасындағы сауда байланысы арқау болды. Бізге пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, келесі аптада аталған жағдай Қазақстанның ұлттық валютасының бағамын анықтауға әсер ететін негізгі факторлардың қатарына енбек. Бір қызығы, «ФИНАМ» компаниялар тобы, FXPrimus, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ өкілдері Қытай мен Америка арасындағы сауда шиеленісі біртіндеп бәсеңдеп келеді деген ойда. Ал олардың Wall Street Invest Partners және «Телетрейд Групп» компанияларындағы әріптестері екі алыптың арасындағы «сауда соғысы» одан әрі өрши түсті деген пікірді алға тартып отыр.
Сарапшылар валюта бағамына әсер ететін тағы бір маңызды фактор ретінде энергия тасымалдаушылар нарығындағы жағдайды атап өтті. Бұл туралы FXPrimus, «Финам» компаниялар тобы, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ, «АНАЛИТИКА Онлайн Қазақстан», Wall Street Invest Partners және IFC Markets компанияларының өкілдері өз пікірлерінде атап өтті.
Сондай-ақ, сарапшылар маңызды факторлардың қатарына ҚР-ның 2018 жылға арналған мемлекеттік бюджетіне түзету енгізіліп, жариялануын («Альпари»), ҚР Ұлттық банкі мен Ресей банкінің нарықтағы валютаны сатып алу туралы бастамасы жайлы жаңалықтарды (FXPrimus) және ҚР Ұлттық банкі басшысының биыл пайыздық мөлшерлемені төмендетуді одан әрі жалғастыру туралы мәлімдемесін (IFC Markets) қосыпты.
Сарапшылардың толық пікірін abctv.kz дайындаған төмендегі кезекті сауалнамадан оқи аласыздар.
Наталья Мильчакова, «Альпари» сараптамалық компаниясы департаментінің орынбасары:
Қазақстанда 2018 жылға арналған мемлекеттік бюджетке түзету енгізіліп, жарияланды. Мұғалімдердің жалақысын көтеру мен білім беру шығындарының артуын есепке ала отырып, бюджеттің шығыстар бөлігіне өзгерістер енгізілді. Түзету енгізілген бюджетте шығындар бюджет шығындарының бұған дейінгі болжамымен салыстырғанда 8%-ға артып, 9,6 трлн теңгеге жетті. Ал бюджет дефициті 2018 жылы 38%-ға ұлғайып, 883 млрд теңгені құрады. Бұл жағдай теңге үшін жағымсыз, әрине.
Теңгенің долларға шаққандағы бағамы бір доллар үшін 320-322 теңгеге дейін, ал теңгенің рубльге қатысты бағамы 5,55-5,7 теңгеге дейін өзгереді деп болжап отырмыз.
Арман Бейсембаев, FXPrimus сараптамалық департаментінің жетекшісі:
Алдағы апта жаһандық процестер тұрғысынан алғанда тыныш болады деп күтілуде. АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысына» келер болсақ, шиеленіс біртіндеп бәсеңдеп келе жатқан секілді. Америка көшбасшысы нарықтың бұл процеске деген әсерін жұмсартуға тырысып, АҚШ-тың Қытаймен соғысуға құлықсыз екендігін жеткізді. Десе де, елдер арасындағы шиеленіс әлі де болса түбегейлі тарқаған жоқ. Сондай-ақ, нарықтар барлық тәуекелдерді жіті ескеріп отыр. Жалпы алғанда, тараптар өзара бітімге келу керектігін ұғынып, келіссөз жүргізбейінше, бір-біріне қысым жасау, «соққылар» алмасу жалғаса беретіні түсінікті.
Осы аптада мұнай нарығындағы ойыншылардың назары Ресейге ауды. Себебі, Ресей наурыз айында мұнай өндіруді қысқарту жөніндегі міндеттемені орындай алмады. Келісілгендей, тәулігіне 300 мың баррель өндірілуі керек еді. Ал Ресейдегі мұнай өндіру көлемі 280 мың баррельге дейін қысқарған. Бұл келісілген квотаның 93,4%-ын құрайды. Бұдан бөлек, осы аптадағы мұнай өндіру көлемінің төмендеуі АҚШ-тағы қорлардың азаюы мен мұнай өндіру көлемінің қысқаруына байланысты болды. Жалпы алғанда, мұнайға қатысты өріс алып келе жатқан тренд келесі аптада да жалғасуы мүмкін.
Теңге/доллар және теңге/рубль бағамына әсер ететін үшінші фактор –нарықта валюта сатып алу бойынша қаржылық реттеушілердің әрекеттерінің басталуы. Ұлттық банк пен Ресей банкі нарықтағы валютаны сатып алу туралы бастамамен шықты. Ресей банкі тепе-теңдікті сақтау үшін сауда сессиясы барысында нарыққа біртіндеп шығатынын мәлімдеді. Қазақстандық қаржылық реттеушіден де осындай әрекетті күтуге болады. Жөнсіз әрекеттердің салдары ешкімге де керек емес. Алайда, бұл шаралар мұнай бағасының көтерілуі аясында теңге мен рубльді нығайтуға мүмкіндік бермейді.
Сондықтан, келер аптада сауда мейлінше тыныш өтеді деген ойдамыз: теңге/доллар – 318-320; теңге/рубль – 5,4-5,6.
Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:
Вашингтон мен Пекин арасындағы сауда шиеленістерінің бәсеңдеуі шетел биржаларындағы өсімнің жалғасуына себеп болды. Мәселен, өткен сауда сессиясының қорытындысы бойынша S&P 500 кең нарығының индексі 0,69%-ға өсіп, 2662,84 пункт белгіде жабылды. Dow Jones өнеркәсіптік индексі 0,99% артса, NASDAQ жоғарытехнологиялық индексі 0,49%-ға ұлғайды. 10 жылдық қазынашылық облигациялардың табыстылығы үш базистік көрсеткішке, яғни 2,83%-ға дейін өсті. Осылайша, ол апта сайынғы ең жоғарғы көрсеткішті еңсерді.
Алайда, инвесторларға арқаны кеңге жаюға болмайды. Себебі, Трамптың аспанасты еліне арналған тарифтік шаралар көлемін жүз миллиард долларға дейін арттыру туралы жаңа тапсырмасы әлемдік қор биржаларын әбігерге түсіруі мүмкін.
Жұма күні АҚШ-тың еңбек министрлігі еңбекақы өсімі бойынша наурыз айының деректерін жариялады. Бұл нарық ойыншыларына елдегі инфляция динамикасын бағалауға мүмкіндік береді.
JPMorgan-ның бағалауынша, инфляция жылдам қарқынмен көтерілсе, америкалық реттеуші пайыздық мөлшерлемені арттыруды жеделдете алады. Менің ойымша, ФҚЖ-ның пайыздық мөлшерлемесі үш пайыздық деңгейге жетпейінше, оның қор биржаларына деген зиянды әсеріне алаңдаудың қажеті жоқ. Өз кезегінде жаһандық нарықтардағы негізгі қауіп ретінде әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуіне қатысты инвесторлардың сенімсіздігін айтуға болады.
Өткен сауда сессиясының қорытындысы бойынша мұнай бағасы 0,29%-ға өсіп, 68,48 доллар деңгейінде жабылды. Бұған америкалық және еуропалық қор алаңдарындағы оң динамика, сондай-ақ Saudi Aramco-ның азиялық тұтынушылар үшін мұнайдың кейбір түрлеріне бағаны көтеру туралы мәлімдеме әсер етті. Дегенмен, «қара алтынның» өсуін күшейтетін фактор Forex нарығындағы нығайтылған доллар болмақ.
Қазіргі таңда жергілікті қолдаулардың нәтижесінде Brent бойынша баға 68,50 доллар және 68 доллар белгісінен асып, жақын уақытта 69,70 доллар және 69 долларға беттемек.
Біздің болжамымызша, келесі аптада негізгі үш валюта жұбы бойынша теңге бағамы рубльге шаққанда 5,5-5,7 теңге, доллар – 318-321 теңге және еуро 390-394 теңге аралығында болады.
Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ инвестициялық талдау бөлімінің басшысы:
Доллар индексі төмен құлдырауын тоқтатты. Меніңше, индекстің шамалы өсуге де ниеті бар секілді. Долларға Қытай мен Америка арасындағы сауда қатынасындағы шиеленістердің төмендеуі жағымды әсер етуде.
Осының нәтижесінде ресей рублі шамалы әлсіреуі мүмкін. Оның соңын ала теңге де әлсіремек. Brent сұрыпты мұнайдың бағасы барреліне 70 долларға дейін көтеріледі деп күтілуде. Меніңше, бұл бағаның жоғары шегі болмақ. Америкалық тақтатас мұнайын өндірушілерді де естен шығаруға болмайды. Себебі, өндірісті арттыру үшін оларды мұндай баға қанағаттандырмайды.
Криптовалюта нарығы жағымсыз жаңалықтардың қыспағында қалып отыр. Сондықтан, қысқамерзімді сатып алушылар аталған нарықта аса көп аялдауды құп көрмейді. Бұған дейін де айтқанымдай, мен кәсіби емес инвесторларды аса қатты құбылмалы болып тұрған криптовалюта нарығына иек артпауға шақырамын.
Алдағы аптаға ұсынып отырған болжамымыз: бір доллар 57,5-59,0 рубль, бір рубль 5,50-5,65 теңге, бір доллар 319-324 теңге, Brent маркалы мұнай бағасының бір баррелі 66-69 доллар, биткоин 5000-8000 доллар болады.
Сергей Полыгалов, «АНАЛИТИКА Онлайн Қазақстан» компаниясының шеф-сарапшысы:
Қазақстанның ұлттық валютасының бағамы тұрақтылығын сақтауда.
«Қара алтын» бағасы жоғары деңгейде сақталуда. Бүгінде оның бағасы барреліне 67-70 доллар аралығын құрап отыр.
Мұнай бағасының жоғарылығы ОПЕК-ке мүше елдердің 2019 жылы да төмендетілген көлемде мұнай өндіруді жалғастыру ниетімен байланысты. Бұл туралы Сауд Арабиясының өкілдері мен картельге мүше өзге де елдер мәлімдеуде. Сондай-ақ, ОПЕК елдерінде мұнай өндіру көлемінің төмендеуі қосымша фактор болып отыр. Наурызда ол Анголадағы экспорттың азаюына, Ливиядағы үзілістерге және Венесуэладағы өндірістің одан әрі төмендеуіне байланысты 11 айлық минимумға дейін төмендеді. Экспорттаушы елдер ұйымы өткен айда күніне 32,19 млн баррель мұнай өндірді. Бұл ақпан айындағы көрсеткіштен төмен. Ақпанда күніне 90 мың баррель мұнай өндірілген болатын.
Бұл ретте, АҚШ мұнай өндіру көлемін арттыруды жалғастыруда. Соңғы деректерге сүйенсек, оның көлемі күніне 10,4 млн баррельді құрады. Штаттардағы шикі мұнай қоры әлі де болса қысқаруда. Өткен аптада «қара алтынның» көлемі 4,6 млн баррельге төмендеді.
Мұнай дистилляттары мен бензин көлемі де қысқаруда. Жалпы алғанда, төмендеу жалғаса беретін секілді. Өйткені, демалыстың уақыты жақындап қалды. Әдетте, мұндй кезеңде бензинді тұтыну көлемі азаяды.
Мұнайға қатысты ахуал қазақстандық теңге үшін де, ресейлік рубль үшін де бағам құруда айтарлықтай қолдау болмақ.
Америкалық валюта АҚШ-тың еңбек нарығына қатысты деректердің жариялануынан кейін нығая түсуі мүмкін. Егер құрылған жұмыс орындарының саны 200 мыңнан асса, жалақының өсуі кем дегенде 0,3%-ды құрайды. Ал жұмыссыздық деңгейі 4%-ға дейін азаяды. Онда бұл доллар бағамына оң әсер етері сөзсіз. Себебі нарық қатысушыларының үміті ФҚЖ-ның пайыздық мөлшерлемесі бойынша агрессиялық ықтималдылықты ұлғайта алады.
Алдағы апта бірқатар маңызды көрсеткіштер жарияланатын болады. Егер оң өзгерістер болса, онда долларға қолдауға ие болуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, олар – тұтыну бағасының индексі, ФҚЖ индексі және Мичиган университетінің тұтынушылық бағам индексі. Жалпы алғанда, аптаның алғашқы бөлігін доллар жақсы динамикада өткізеді.
Өтіп бара жатқан аптада ресей валютасының долларға қатысты бағамы шамалы әлсіреді. Рубльдің позициясы тұрақсыз болып отыр. Бұған РФ-ға қатысты америкалық жаңа санкциялардың күтілуі, сәуір айында қаржы министрлігінің интервенция көлемдерінің ұлғайтуы, айдың басында экспортерлердің белсенділігінің төмендігі және жоғары табысты активтерге деген қызығушылықты төмендететін «сауда соғысының» қауіптері әсер етуде. Рубльге тек мұнай бағасының жоғарылығы ғана қолдау болып отыр.
Сонымен мұнай 67-70 шамасында саудаланбақ. USD/RUB жұбы бір доллар үшін 56,60-58,00 рубльді құрауы мүмкін. RUB/KZT жұбы бір рубль үшін 5,5-5,6 теңге шамасында саудаланады, ал USD/KZT жұбы болса бір америкалық доллар үшін 318,50-320,50 теңгені құрауы ықтимал.
Олег Богданов, «Телетрейд Групп» бас сарапшысы:
Әлемдік қаржы нарығындағы жағдай шиеленіске толы боп қала бермек. Бірінші кезекте Дональд Трамптың Қытайға қатысты теріс көзқарасы инвесторларға кері әсер етуде. Трамп Қытаймен сауда тапшылығын кем дегенде 150 млрд долларға қысқартқысы келеді. Тиісінше, қытай тауарларына тариф өспек. Қытай тарапы да жедел жауап берді. Олар қарсы салықтар енгізуге дайын. Бірақ, келісімге келуге ниетті. Ауқымды «сауда соғысының» басталу қауіпі әлі де болса жоғары. Әрине, мұның әлемдік экономикаға деген салдары зор болмақ. АҚШ экономикасының өсу қарқыны 0,2-0,3%-ға дейін құлдырауы мүмкін. Америкалық ірі трансұлттық корпорациялар зиян шегетін болады. Ең бастысы, инфляция өспек. Осының бәрі елдегі инвестициялық жағдайды нашарлатады. АҚШ-тағы және басқа да елдердегі акциялар нарығы зиян көруі де ықтимал. Дамушы нарықтардың қауіпі де арта түспек. Инвесторлар қауіпті активтен іргесін аулақ салып, америкалық долларға ауыса бастайды. Сондықтан, қазақстандық теңгенің де жағдайы қиындай бермек. Болжам – EUR/KZT – 400, USD/KZT – 325. Теңгенің рубльмен ара-қатынасы 5,50-5,70 аралығында болмақ.
Ілияс Басшығұл, Wall Street Invest Partners-тің жетекші сарапшысы:
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы өріс алып келеді. Дональд Трамп сауда өкілі Роберт Лайтхизерге қытайлық импортқа 100 миллиард долларға қосымша тарифтер енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Трамптың кеңесшілері инвесторларды сабырға шақырғанымен, қаржы нарықтары әлі де болса ауқымды «сауда соғысы» үшін алаңдаулы. Ал Қытай тарапы АҚШ-қа жауап ретінде өздерінің мүддесін қорғайтынын мәлімдеді. Бұған дейін Қытай 25%-ға дейін қарсы тарифтер енгізетінін айтқан еді. Ол шамамен 50 миллиард долларды құрамақ. Оған соя, машиналар, химиялық заттар мен ұшақтар еніп отыр. Мұнай бағасы қарама-қайшылықтардың артуына кері әсер етті. Яғни, Штаттардағы шикі мұнай қорларының азаюына нақты жауап бере алмады.
АҚШ-та жұмысқа орналасу туралы деректердің жариялануынан кейін доллар маусымдық факторға байланысты ауыл шаруашылығына жатпайтын секторда жұмыс істейтін адамдардың өсуі аясында күшейтілді. Нарық мұндай түсініктемелерге қанағаттанып, американдық экономиканың нығаюын жағымды түрде бағалаған сияқты.
«Скрипаль ісі» бойынша күтпеген жағдай орын алды. Әуелі Портон Даунның Британ әскери-зерттеу орталығының сарапшылары Сергей Скрипаль уланған зат КСРО-да кезінде әзірленген «Новичок» тобының жүйке агенттерінің санатына жатады деген тұжырымға келді. Бірақ оның Ресейде өндірілген яки өндірілмегенін нақты анықтай алмады. Британдық барлаушылардың пікірінше, олар ресейлік құпия зертхананың орынын анықтаған. Бірақ бұл да анық емес.
Турбулентті аптаның аясында теңге айтарлықтай тұрақты. Елдің экономикалық жағдайы жағымды жағдайды көрсетіп отыр. Жылдық инфляцияның көлемі 5-7% мақсатты дәлізде сақталып отыр. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы барреліне 68 долларға жақын деңгейді құрады. Алдағы аптада доллар бағамының өзгеруіне айтарлықтай әсер ететін маңызды деректер күтіліп отырған жоқ. АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысын» өрістетпеу теңгеге жағымды әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл жағдай АҚШ долларын азиялық валюталарға қарағанда әлсіретуге көмектеседі. Теңгенің долларға қатысты бағамы 318-320,5 теңге шамасында болады деп отырмыз.
Ресей рублі әлі де болса қысым астында қалып отыр. Оған АҚШ үкіметінің Ресейге қарсы енгізілуі мүмкін санкциялары мен «Скрипаль ісі» әсер етуде. Теңгенің рубльге қатысты бағамы 5,52-5,57 теңге болуы мүмкін.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets сарапшысы:
Brent сұрыпты мұнайдың бағасы барреліне 70 доллар деңгейінен жоғары орналаса алмады. Қайта төмен құлдырай түсті. Менің ойымша, бұл жағдай қазақстандық валютаның долларға қатысты бағамының әлсіреуіне әсер еткен негізгі фактор болды. Соған қарамастан, жақсы макроэкономикалық көрсеткіштер теңгеге айтарлықтай қолдау көрсетті. Наурызда Қазақстандағы инфляция деңгейі 0,5%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш ақпан айында 0,7%-ды құраған болатын. 12 айда тұтыну бағасының өсімі 6,6%-ды құрады. Осылайша, ол қазір Ұлттық банк белгілеген ауқымда – 5-7% деңгейінде келеді.
Қазақстан үкіметі 2018 жылдағы ЖІӨ өсімінің болжамын 3,1%-дан 3,8%-ға дейін жақсартты. Бұл жағдай валюта нарығы үшін жағымды болды. Оның үстіне Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев осы жылы пайыздық мөлшерлемені одан әрі төмендететінін мәлімдеген еді. Бүгінде пайыздық мөлшерлеме 9,5%-ды құрап отыр. Біздіңше, ол РФ ОБ-ның негізгі мөлшермесіне дейін – 7,28%-ға дейін жақындайтын секілді. Мұндай тенденция теңгенің ресей рубліне қатысты бағамын сәл-пәл әлсіретуі мүмкін. Алдағы антаға болжам мынадай: рубльге шаққанда 5,48-5,61 теңге және доллар 317-323 теңге болмақ.