"Баласауысқандық" кен орнын игеру жобасына қол қойылды

1398

"Баласауысқандық" кен орнын игеру жобасына қол қойылды

21-22 қараша күндері Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Лондонда сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының отырысына қатысты.  Бұл туралы "ҚазАқпарат"  ХАА хабарлайды.

Комиссия отырысында Қызылорда облысындағы "Баласауысқандық" кен орнында  "Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу" инвестициялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Нәтижесінде жобаның ІІ және ІІІ кезеңдерін 125 млн АҚШ доллары көлемінде инвестормен қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Аталмыш жобаны іске асыру үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңы аясында, Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген талаптарға сай инвестициялық преференциялар беру мүмкіндіктері қарастырылады. Қазіргі уақытта құрылтайшысы "Ferro-Alloy Resources Limited" компаниясы болып табылатын "Фирма Балауса" ЖШС Шиелі ауданындағы Баласауысқандық кен орнында құрамында ваннадий бар кварцтарды өндіру және қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінде кәсіпорын құрылысында 150 адам жұмыс істейді. Ал зауыт пайдалануға берілген кезде 650 адам жұмыспен қамтылатын болады. Өндіріске отандық ғалымдардың посткеңестік кеңістікте  ғана емес, алыс шетелдерде де жоғары бағаланған жаңа зерттемелері  енгізілді. Бұл жаңа технология бойынша 13 патент алынды. Қазақстандық аммоний метаванадаты, "қызыл сүзінді", феррованадийдің алғашқы тонналары алынды. Аммоний метаванадатының алғашқы партиясы АҚШ, Тайвань және Ресейге жіберілді. Үкіметаралық комиссия отырысы аясында ЕҚДБ Президенті Сума Чакрабартимен Қызылорда қаласының жылумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және құрылысын қаржыландыру, Қызылорда облысының электрмен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ осы күні IPC компаниясы басшылығымен қуаттылығы 50 және 30 мВт екі газ турбиналық стансасының құрылысы мәселелері бойынша кездесу өтті. Келіссөздер нәтижесінде IPC жобаны 100 пайыз қаржыландыруға және жобаны қысқа мерзімде  жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу