Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде республикалық алғашқы ұтысы ойналды, деп хабарлайды мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
"Чек талап ет – жүлде ұтып ал" акциясы – ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ұйымдастыруымен және "Атамекен" ҰКП қолдауымен екінші жыл өткізілуде.
1 мамыр мен 30 қараша аралығына жарияланған республикалық акцияның негізгі мақсаты: азаматтардың белсенділігін және халықтың салықтық мәдениетін көтеру, бақылау-касса машинаны қолдану арқылы салық төлеушілер арасында салық тәртібін талап ету негізінде бюджетке салық түсімдерін көбейту, көлеңкелі экономиканың көлемін қысқарту.
Бұл Акцияның ерекшелігі - электрондық форматта "Wipon" мобилді қосымшасы арқылы өткізіледі. Қосымшаны ақысыз көшіріп алып, смартфондардың барлық түрлері мен басқа да гаджеттерде пайдалануға болады. Акцияға тұтынушылар сатып алған тауар үшін, жұмыс немесе қызмет үшін берілген фискалды чектің фотосын жіберу арқылы Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Егер фискалды чек берілмеген жағдайда, азаматтар бұл бұзушылықтарды көрсетіп шағым жібере алады.
2017 жылдың мамыр айында облыс бойынша "Wipon" мобильді қосымшасы арқылы 7858 чек жіберілген. Көп көлемді чек жолдаған белсенді қатысушылар ұтыс ойынына шақырылды. Автоматтандырылған бағдарлама арқылы кездейсоқ таңдау әдісімен үш жүлдегер анықталды. Биылғы жылғы акцияның бірінші жүлдесі – шаңсорғышты Қызылорда қаласының тұрғыны Мөлдір Тұрсынбай ұтып алды.