Бүгін "Даму" Қоры бірінші рет жалпыреспубликалық "Ашық есік күні" шарасын өткізді. Барлық өңірлердегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында, Астана мен Алматы қалалары келешекте бизнес бастығысы келетіндерге Қор басқарма төрағасы мен филиал басшылары тікелей кеңес берді, деп жазады egemen.kz.
"Біз бүгін жеке кәсіппен айналысқысы келетіндерге жүзбе жүз отырып өздері кеңес беретін "Ашық есік күнін" тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Мұндай кездесулер "Даму" қорының клиенттерімен байланысты күшейтіп, қызмет көрсету сапасын жақсартады. Келесі жылы біз қаржылық супермаркет жобасын жүзеге асырмақпыз. Бұл автоматтандырылған жүйенің тиімділігі неде? Клиент қорға келіп, қолдауымызға жүгінгенде оған арнайы кеңесші бекітіліп, оның барлық бизнес-идеялары мен ұсыныстарын тыңдайды. Сөйтіп ол клиенттің ыңғайына, қай өңірден келгеніне қарай, қай банк қолайлы, Қордың қай бағдарламасы дұрыс деген сауалдары бойынша жеке-жеке талдау жасайды. Бұл жұмыстың барлығы авотматты, жариялы түрде жүргізіледі. Сөйтіп банктер тарапынан несие беруге негізсіз қарсылық жасалмағанын қадағалауға мүмкіндік туады. Егер несие берілмейтін болса, себебі қандай екені анық көрсетіледі. Яғни барлығы жариялы түрде болады", — деді журналистерге берген сұхбатында "Даму" Қорының басқарма төрағасы Қаныш Тулеушин.
Еліміздің барлық өңірлерінде, яғни 15 облыс орталығында өткен шараға 500-ден астам адам келіп, 900-ге тарта кеңес берілді. Жеке кәсіппен айналысу мәселесінде Алматы қаласы белсенділік танытты. Мұнда 151 адам кеңес алған. Одан кейінгі орында Маңғыстау облысы тұрса, Атырау облыстық филиалының директорынан кеңес алуға 63 адам келген. Кәсіпкерлерді негізінен франшиза сатып алу, аймақтық бизнесті қаржыландыру бағдарламалары, жаңадан іс бастау – стартап жобаларды қаржыландыру, ЖК мен ЖШС тіркеу, несиеге кепілдеме беруді қарастыру мерзімі мен несие пайызын субсидиялау тәртіптері секілді сұрақтар қызықтырды.