Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұндай шешім оқушылар мен мұғалімдердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу үшін қабылданғанын жариялады.
"Шалғайда орналасқан шағын жинақты мектептерді қоспағанда 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектебіндегі 1-11 сынып оқушылары үшін оқу жылының алғашқы тоқсанын қашықтан оқыту форматында өткізуді ұсынамын", – деді министр.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау, білім және ғылым, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері 1 қыркүйектен бастап орта мектептердің бірінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында өткізуге дайын болуын қамтамасыз етуге тиіс.
"Қажет болған жағдайда бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының жазбаша өтініші бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, кезекші сыныптардың қызметін қамтамасыз етуді тапсырамын", – деді премьер-министр.
Қанат Махамбет