Таңғы аралау кезінде елорда әкімі Алтай Көлгінов "Қорғалжын квартал" тұрғын үй кешенінде болды. Нысан 2017 жылы проблемалық деп танылды, бұрынғы құрылыс салушы жоғарғы техникалық және төменгі қабаттарды пәтер ретінде сатқан. Үй "Нұрлы Жер" бағдарламасы аясында "ЕКК" ЖШС қатысуымен салынады.
"Жоба бойынша пәтер саны – 276, ал сатылған пәтер саны – 372. Демек, 96 пәтерге көп. Қазір үйді техникалық тексеру, жобалық-сметалық құжаттаманы түзету жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, инженерлік желілер жобасын әзірлеумен айналысатын боламыз. Себебі үйге ешқандай құжат жоқ",– деді жаңа инвестор.
Елорда әкімі үйді инженерлік желілерге қосқанға дейін барлық құжаттарды дайындап, ішкі жұмыстарға кірісу қажеттігін атап өтті. "Үй құрылысын аяқтау қажет, үлескерлер пәтер кілттерін алуға тиіс", – деді.
Қалада барлығы 51 (76 үй) проблемалық нысан бар. Құрылыс барысын Nur Otan және мәслихат депутаттары бақылайды. Жыл соңына дейін 10 тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі.