ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жыл басынан бері 238 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жыл басынан полиция 6 млн-ға жуық жол ережесінің бұзушылығын анықтады, оның ішінде 238 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. 12 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде ұсталды, қарсы жолаққа шығудың 5 мың дерегі анықталды. Сотпен 14 мыңға жуық жүргізуші басқару құқығынан айырылды. 12 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды", - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы.
Қайсар Сұлтанбаевтың дерегінше, жыл басынан бері жүргізушілердің кінәсінен мас күйінде 178 жол апаты болған. Салдарынан 26 адам қаза тапты, 234 адам жарақат алды.
Айта кету керек, осыған дейін жыл басынан бері 981 адам жол апатынан көз жұмғанын жазған болатынбыз.