140 жылдық тарихы бар қобыздың құпиясы әлі ашылмаған

767

Атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлының өз қолымен жасаған жәдігердің оқыс жағдайда дыбыс шығаратын қасиеті бар. 

140 жылдық тарихы бар қобыздың құпиясы әлі ашылмаған Фото: Облыстық музей

ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген қобызшы, күйші-сазгер Ықылас Дүкенұлының өзі жасап, күй шертіп, пайдаланған музыкалық аспабы бүгінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қобызшының ұрпақтары 1916 жылдан бүгінгі күнге дейін қастерлеп, отбасының киелі, қасиетті заты ретінде сақтап келген. Ұрпақтарының айтуынша қобызға 140 жыл толып отыр. Тарихи деректер бойынша, бұл қобызды күйші өз қолымен ойып жасаған екен.

Ал қобызшының шөбере келіні Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылының тұрғыны Алтын Ақынбаева құнды жәдігерді облыстық тарихи-өлкетану музейіне 2008 жылы өткізген.

Қобызшының серігі болған аспапты әуелі кіші ұлы Ақынбай мен келіні Рәзия көздің қарашығындай сақтап келіпті. Кейіннен Ақынбай дүние салған соң Рәзия әже бұл қобызды өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін ешбір жанға көрсетпепті. Бұл кісі де өмірінің соңында күйші қобызын ұлы Дәулет пен келіні Алтынға аманаттайды.

Ал ұлы қобызшының қолында талай уақыт бойы қазақ даласын күймен тербеткен қара қобыздың оқыс жағдайда дыбыс шығаратын қасиеті де тылсымға толы. Бүгінде бұл ерекше қобыз күйші ұрпақтарының ұқыптылығының арқасында бір ғана әулеттің емес, тұтас қазақтың құнды жәдігеріне айналып отыр. Қазақтың күй өнерін, көне аспаптарды зерттеуші мамандар үшін де, болашақта ықыластанушы жастар үшін де бұл таптырмас олжа.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу