Атырау облысында 15 жасар жасөспірім Жайық өзенінің жайылмасындағы суға батып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Бұл деректі Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы растады.
Тасқын су Индер ауданының орталығы — Индербор кентінің тұсында Жайық өзенінен жайылмаға шыққан.
Индербор кентінде тұратын бір топ жасөспірім 28 мамырда күндізгі уақытта сол суға барған. Жасөсірімдер жайылмадағы деңгейі 170 см болатын суға шомылғаны анықталды.
Бірақ, 2009 жылғы жасөспірім үйіне кері оралмаған.
"Құтқарушылар кешеден бері жасөспірімді іздестіру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде 29 мамырда түнгі сағат 04:40 шамасында жасөспірімнің денесін судан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды", — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Осыған байланысты құтқарушылар су тасқыны кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, жазғы демалыс уақытында балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырып отыр.
"Жайық өзенінде су деңгейі көтерілді. Соның салдарынан ағыспен келген түрлі қоқыс, ағаш қалдықтары және басқа заттар бар. Ағыс пен қалдықтар адам өміріне қауіп екенін естен шығармау қажет" -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.