2 мыңнан аса мектеп асханасында санитариялық талап сақталмаған

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтып отыр.   

2 мыңнан аса мектеп асханасында санитариялық талап сақталмаған Фото: ЖИ

Мониторинг барысында республика бойынша мектептердің 99%-ы, яғни 7 121 мектеп қамтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Осылайша, Қазақстандағы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын бақылау барысында 2 087 асханада санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғаны белгілі болды. 

Комитет төрағасы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына қатысты жаппай тексерістің маусым айында ғана жүргізілгенін еске салды. 

Оның сөзінше, 6 338 мектеп асханасының, 6 256 медициналық пункттің және 262 мектеп-интернаттың жағдайы терең зерделенген.

– Оның ішінде 1 168 мектеп пен 45 мектеп-интернаттың асханасында санитариялық-техникалық жағдай талапқа сай емес. Сондай-ақ, технологиялық және тоңазытқыш жабдықтар жеткіліксіз, – деді Сархат Бейсенова.

Мұндай кемшіліктің ең көп Түркістан облысында (259) анықталған. Қарағанды облысында – 163, Алматы қаласында – 123, Қызылорда облысында 115 жағдай тіркелген.

Комитет төрағасы анықталған кемшіліктердің бір бөлігін білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайындық барысында өз күшімен жоя алатынын айтты. Оған қомақты қаржы бөлу керек емес.

– Дегенімен, қаржы бөлуді қажет ететін мәселелер де бар. Олардың қатарында инженерлік желілерді, шатырларды, желдету, жылыту және сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу бар. Мұнан бөлек, асханалар мен медициналық пункттерді жөндеп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет, – деп сөзін қорытындылады ол. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу