200-ден астам дәрінің бағасы 27%-ға төмендейді

1037

Дәріханаларға 10 күн уақыт берілді.

200-ден астам дәрінің бағасы 27%-ға төмендейді

Дәріханаларда COVID-19 инфекциясына қарсы қолданылатын дәрілердің бағасы 27%-ға арзандайтын болды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сайтында осындай ақпарат жарияланды. Агенттік бұл шешімін Президенттің тапсырмасымен байланыстырып отыр. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылғы 31 желтоқсанда ковидке қарсы бірқатар препараттардың бағалары қайта есептелді. Мұндай өзгерістер Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен, 2020 жылғы 24 желтоқсанда күшіне енген "Дәрілік заттардың шекті бағалары мен үстеме бағаларын реттеу, қалыптастыру қағидаларына" енгізілген өзгерістердің негізінде жүргізілді", - деп жазылған ресми сайтта.

Агенттік өкілдері мұндай шешімге келу үшін әуелі дәрілік препараттардың шекті бағаларын қалыптастыру тәртібіне экономикалық талдау жүргізген екен. Сараптау барысында препараттардың бағасын көтеруге мүмкіндік беретін бірқатар факторлар анықталыпты. Мысалы, дәріні сатушы тараптардың ұсыныс құжаттарын талдай келіп, біздегі дистрибьюторлар соңғы жылы инвойста көрсетілген ең жоғары бағаны есепке алуы мүмкін деген болжам жасалып отыр. 
"Өндірушілер әрқашан инвойс ұсына бермейді. Бұл дистрибьюторларға дәрілер құнын қымбаттатуға алғышарттар жасап, препараттарды зауыттың өзінен емес, делдалдар арқылы сатып алуға мүмкіндік береді. Экономикалық даму деңгейі ұқсас елдерде өндірушілер мен зауыт ұсынған бағалар қайта тексерілмейді. Көлік және кедендік шығыстар (бұл дәрі құнының 7-15%-ына дейін), маркетингтік құрамдауыш (30%-ына дейін) құрайды", - дейді агенттік төрағасының орынбасары Марат Омаров. 

Дәріханаларға шекті бағаны нұсқау ішкі нарықта қажет дәрілердің жасанды тапшылығын туындатуы да мүмкін. Агенттік мамандары бұл жағын да ескерген сияқты. COVID-19-ға қарсы препараттардың бағаларын талдау Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу хаттамасына кіретін дәрілердің тізбесі бойынша жүргізілген.  Яғни, антикоагулянттар, ыстықты түсіретін, глюкокортикостероидтар, этиотропты препараттар сүзгіден өткен.  

"Дәріханалардағы COVID-19-ға қарсы препараттардың тізбесіне іс жүзінде бағалар 10 күннен кейін орта есеппен 27%-ға (230-ға жуық препарат) төмендетіледі. Тұтастай алғанда Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағалары төмендетілетін 17 халықаралық патенттелмеген атаулар  бойынша ковидке қарсы препараттардың тізбесін айқындады. Бұдан басқа, 2021 жылдан бастап дәрілік заттардың ақпараттық дерекқорын құру жоспарланып отыр. Осының негізінде шетелдік өндірушілердің, оның ішінде референттік елдердің бағаларына экономикалық талдау жүргізілетін болады. Сондай-ақ агенттік Денсаулық сақтау министрлігіне белгілі бір дәрілік заттардың қазақстандық нарықтан жойылып кетпеуіне жол бермеу мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бағалық реттеу тетігін қайта қарау жөнінде әдіснамалық кеңес құруды ұсынды", -леп жазады агенттіктің сайты.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу