Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев уақыт белдеуіне қатысты жарияланған сауалнамаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, бұл сауалнама Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы негізінде жүргізілді.
"Бұл министрлік кешенді зерттеу жүргізу шеңберінде eGov-та осындай сауалнама жүргізуге қатысты өтінім жіберді. Олар уақыт белдеуінің әсерін, оның күн тәртібіне ықпалын анықтағысы келген. Министрлік сауалнамаға қатысушылардың саны 200 мыңға жеткен жағдайда сауалнаманың нәтижесіне одан әрі қарай талдау жүргізетінін атап өтті. Респонденттердің саны 200 мың адамға жеткеннен кейін бұл сауалнама аяқталды. Оның нәтижесі Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілді. Нәтижесі бойынша министрлікке жүгінген жөн", – деді Жаслан Мәдиев журналистердің сауалына берген жауабында.
Бұдан бөлек Цифрлық даму министрі қанша қазақстандық eGov mobile қосымшасын қолданатынына да тоқталды.
"MAU немесе Monthly Active Users деген көрсеткіш бар. Бұл – бір айдағы белсенді қолданушылар саны. Барлық платформа осы өлшемді қолданады. Бүгінгі таңда бұл шамамен 4,5 млн адам", – деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, осыған дейін eGov mobile-да уақыт белдеуіне қатысты сауалнама жарияланғанын жазған болатынбыз.