2021 жылдан бастап микрокредит беруді ҚНРДА лицензиясын алған ұйым ғана жүргізе алады

629

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында микрокредит ұйымдарының нарығын реттеу туралы айтып берді.  

2021 жылдан бастап микрокредит беруді ҚНРДА лицензиясын алған ұйым ғана жүргізе алады

Н. Әбдірахмановтың айтуынша, 2019 жылға дейін қазақстандықтар шағын несиелеу қызметтерін белсенді пайдаланған. Осыған байланысты осы секторда белгілі бір проблемалар жинақталды. 

"Адамдар көбінесе мұндай ұйымдардың жоғары пайыздық мөлшерлемелер орнатуынан, өсімпұлдар мен айыппұлдар салуынан зардап шекті. Сондай-ақ өткен жылы біз алаяқтықтың жекелеген фактілерін байқадық. Осыған байланысты 2019 жылы осы жылдың басынан бастап шағын несиелеу компанияларын реттеуді, сондай-ақ олардың биылғы 1 шілдеге дейін Агенттікте міндетті есептік тіркеуден өтуін енгізген заң қабылданды", – деді ол.

Алайда пандемия карантиніне байланысты көптеген шағын несиелеу компанияларының қызметі шектелді, уақытша тоқтатылды, есептік тіркеуден барлығы өте алмады, сондықтан есептік тіркеу мерзімі 1 қыркүйекке дейін ұзартылды.

Қазіргі кездегі жағдай бойынша 1 104-ке жуық шағын несиелеу компаниясы, оның ішінде 562 ломбард, 380 шағын қаржыландыру компаниясы және 182-ге жуық кредиттік серіктестік тіркеуден өтті. 

Агенттік микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды есептік тіркеуді жүргізеді және олардың тізілімін жүргізеді, пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, сондай-ақ оларды есептеу әдістемелерін бекітеді, микрокредит алу үшін қажетті құжаттардың тізбесін, сондай-ақ кредиттік досьені жүргізу тәртібін бекітеді. Сондай-ақ Агенттік Ішкі істер министрлігінің келісімі бойынша ломбардтарда заттарды сақтау, ломбардтар үй-жайларының қауіпсіздігі мен техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды белгілеу, ломбардтардағы заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қоса алғанда, ломбардтардың қызметін ұйымдастыру тәртібін бекітеді.

Реттеуші салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылық ететін мемлекеттік органмен келісім бойынша берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді жіктеуді жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын әзірлейді және бекітеді. Агенттіктің құзыретіне ломбардтардың қызметін тексеру, ломбардтардың Қазақстан Республикасының Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтауын бақылау, 01.07.2020 жылдан кейін уәкілетті органда есептік тіркеуден өтпеген ломбардтарды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы сотқа талап-арыз беру жатады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап міндетті лицензиялау енгізіледі. Яғни, қазір – есептік тіркеу, ал келесі жылдан бастап барлық шағын несиелеу компанияларын міндетті түрде лицензиялау болады. Агенттік тиісті түзетулер әзірледі. Олар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап микрокредиттер беруді Агенттіктің лицензиясын алған ұйым ғана жүргізе алады деп қарастырады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу