Ұлттық Банк 2023 жылы сарапшылар қоғамдастығы арасында жүргізілген макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Сауалнамаға Қазақстан аумағында макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 11 ұйым қатысты.
Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кірді.
Макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары жоқ екенін атап өткен жөн. Онда ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысы туралы нарықтың кәсіби қатысушыларының дербес пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу қамтылған.
Осы жылдың мамыр айында сарапшылар барлық болжамды кезеңдерге мұнай бағасы бойынша сценарий шарттарын төмендеу жағына қарай қайта қарастырды. Мұнай бағасына қатысты болжамды мәндердің ауқымы әлі де кең. Ал олардың динамикасы – әртүрлі бағытта, бұл мұнай нарығының даму перспективаларына қатысты белгісіздіктің сақталуын көрсетеді.
"Сценарий шарттарына енгізілген мұнай бағасының төмендеуінен 2023-2024 жылдарға арналған тауарлар мен қызметтердің экспорты бойынша болжамдар біршама нашарлай түсті.
Қазақстан экономикасының биылғы өсімі бойынша күтулер артты. Осылайша респонденттер барлық болжамды кезеңде 4% деңгейінде тұрақты экономикалық өсуді күтеді. Бұл олардың әлеуетті ЖІӨ-нің ұзақ мерзімді өсуін (4%) бағалауымен сәйкес келеді.
Сарапшылар 2023-2024 жылдарға арналған инфляциялық күтулерін біршама жақсартты. 2023 жылға болжам 11,8% (бұрын – 12,2%), 2024 жылға – 8,4% (8,8%) құрады. 2025 жылға болжам 7,2% деңгейінде сақталды", – деп жазылған макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерінде.
Өткен кезеңмен салыстырғанда, респонденттер базалық мөлшерлемені бүкіл болжамды кезеңде жоғарырақ деңгейде күтеді.
"Осылайша, 2023 жылға арналған болжам жылына орта есеппен 15,7%-дан 16,2%-ға дейін, 2024 жылға – 11,7%-дан 13%-ға дейін, 2025 жылға – 9%-дан 9,5%-ға дейін өсті. Ақша-кредит саясаты комитетінің алдағы отырысында сарапшылар базалық мөлшерлеменің 16,75% деңгейінде сақталуын күтеді", – деп жазылған хабарламада.