2023 жылы бірқатар су қоймасының құрылысы басталмақ

643

2023 жылы Ырғайты, Ақмола, Қалғыты, Үлкен өзен, Бұзылық, Қараөзек және Кіші өзен су қоймаларының құрылысы басталады. Бұлай деп ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитетінің төраға орынбасары Досбол Бекмағамбетов хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

2023 жылы бірқатар су қоймасының құрылысы басталмақ

Бұл 70 елдімекен және 137 мың адам үшін су тасқыны қаупін азайтып, көршілес елдерге (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан) деген су тәуелділігін төмендетеді.

"2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағысы 120 текше километрді құраса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 текше километрді құрайды. Бұл климаттың өзгеруіне және антропогендік факторларға байланысты. 2030 жылға қарай өзен ағыны одан әрі 99,4 текше километрге дейін қысқаруы болжанып отыр. Қазіргі кезеңде су ресурстарының тапшылығы 17 текше километрден асады. Ол су экожүйелерінің қажеттіліктері есебінен мәжбүрлі түрде жабылады. Су ресурстарының азаюы және халықтың экономикалық, экологиялық қажеттеріне суды пайдаланудың өсуі жағдайында Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23 текше километрді құрауы мүмкін", – деп атап өтті ведомство өкілі.

Досбол Бекмағамбетовтың айтуынша, су ресурстарына байланысты жағдай өңірлер бойынша ерекшеленеді. Мысалы, республиканың шығысы су ресурстарымен неғұрлым көп қамтамасыз етілсе, ең аз қамтылған өңір ретінде орталықты айтуға болады. Ал еліміздің оңтүстік және батыс аймағы шекаралас мемлекеттерге тәуелді. Сол себепті де болжанып отырған су тапшылығы аталған өңірлерге көбірек әсер етеді. 

Спикер су ресурстарын басқару және суға деген сұраныс мәселелеріне әсер ететін факторларды атап өтті.

"Біріншіден, оңтүстік және батыс аймақтарының көршілес елдердің су саясатына үлкен тәуелділігі. Бұл өңірлерде ел халқының жартысынан көбісі тұрады. Олардың өмір сүру жағдайлары сумен қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Екіншіден, су экожүйелерінің қажеттіліктері қалдықтық принцип бойынша соңғы орында қалуда. Бұл Арал мен Балқаш проблемасының басты себептері. Үшінші суды пайдалану тиімділігінің төмендігі, су беру қызметтеріндегі төмен тарифтер", – деді Досбол Бекмағамбетов. 

Еліміздегі суару жүйесінде ұзындығы 21 мың километрден асатын магистралдық және шаруашылық аралық республиканың меншігіндегі каналдар бар. Олардың 55%-нан астамының жағдайы көңіл көншітпейді.  

Министрлік өкілі хабарлағандай, 8 облыстағы 120 канал қайта жаңартылмақ. 

"Жоспарланған 41 авариялық су қоймасының 16-сы қалпына келтірілді. Нәтижесінде, халық саны 120 мыңнан асатын 16 ауылдық елдімекенде су басу қауіп жойылды. Биыл 6 су қоймасын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалған 19-ы 2025 жылдың соңына дейін қалпына келтіріледі", – деді спикер.  

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу