2023 жылы зейнетақы саласында қандай өзгеріс болады?

4565

Бұдан былай елімізде әйелдер 61 жастан зейнетке шығады. Әлеуметтің біраз уақыттан бергі талап-тілегін ескерген билік жаңа заң жобасын қабылдады.

2023 жылы зейнетақы саласында қандай өзгеріс болады?

Бірақ бұл өзгеріс "мәңгілікке" емес, 2028-ші жылға дейін ғана. Сондай-ақ, жаңа жылда зейнетақы да 10 пайызға артып, ең төменгі сомасы 77 мың 417 теңге болмақ. Парламент 2023-ші жылы қазақстандықтардың зейнетақысын өзі басқаратын жаңа құжатты қарайды. 

Елде жыл сайын 120-130 мың адам зейнетке шықса, оның тең жартысы  әйел. Бұдан былай олар құрметті демалысқа 61 жастан шыға алады. Бұл өзгеріс алдағы 5 жылға сақталады. Мәселен, 2027 жылы нәзік жандардың зейнетке шығу жасы 63 болуы керек, бірақ 61 жаспен сақталады.  Жаңа заңның арқасында 1966-1967 жылы туған аналар зейнеткер атанып, жеңілдік шарапатын көріп үлгереді. Сәйкесінше, енді жыл сайын зейнеткер атанатындардың саны әдеттегіден көп болады.  

"Қазір елде 2,2 миллион зейнеткер бар, ал 2028 жылдан бастап 2,5-2,6 миллион адам болады. Жалпы зейнеткерлік жасқа жеткендер есебінен және 61 жасқа дейінгі зейнеткерлік жасын тоқтатқан адамдар есебінен 400 мың адамға көбейетін болады", дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Зейнеткер көбейеді, зейнетақы ұлғаяды. ГРА: 2023 жылғы бюджет бойынша, ең төмен зейнетақы  77 417 теңге болады. Яғни, Ынтымақты зейнетақы мен базалық зейнетақының да мөлшері артып отыр. 2027 жылға дейін бұл сома әлі де өседі. 

Алдағы 4 жылда базалық зейнетақының төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін артады. Мәселен, елдегі ең төмен күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болса, оның 54 пайызы, 21 906 теңге. Бірақ жаңа жылдан бастап 60 пайызға өсіп, базалық зейнетақы 24 341 теңге болады. Енді осы процент 70 пайызға дейін артады. Демек, жыл сайын зейнетақы мөлшері де өсіп отырады.

2023 жылдың тағы бір жаңалығы  қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы жинағының тең жартысын басқара алуы болмақ. Бұл өзгерісті Парламент енді қарайды. Бірақ, негізгі ереже белгілі. Жеке сенімгерлікке берілетін жинақтың сақталуы мен мол табыс әкелетініне мемлекет кепілдік бермейді. Оған тек таңдаған компанияңыз жауапты. Сондықтан, экономистер таңдау жасарда мұқият болған жөн, деп кеңес береді.   

"Мұндай қаржылық институттар тек қана лицензиямен жұмыс істейді. Сондықтан бірінші ретте жекеменшік басқаруға беруде салымшы лицензиясын тексеру керек. Оның "Ұлттық банк тарапынан берілген лицензиясы бар ма?" деген сұраққа жауап алу керек", деді Қаржы саласы бойынша сарапшы Талант Қалиева. 

Экономистер, енді түрлі қаржылық махинациямен айналысатын компаниялар көбеюі мүмкін екенін айтады. Сондықтан, инвестициялық пайдасы 15-25 пайыздан аспайтын ұйымдар сенімдірек,- дейді. 

Қазір елде тіркелген сенімгерлік басқарушы 5 компания бар. Оларға 4 мыңға жуық салымшы өтініш беріп, 8,7 млрд теңгесін аударған. Аударымдардың орташа сомасы  1,5 млн теңге. Сонымен, қазақстандықтар үшін зейнетақыдағы шекті сомадан артылғанын алу әлі де өзекті. 2023 жылы да салымшылар қаржысын үй мен емделуге жұмсай алады. 

Динара Жоламанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу