Әділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2025 жылы азаматтарға туу туралы куәлікті ХҚКО-ға бармай-ақ алу мүмкіндігін енгізуді жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар, АХАТ органдары арқылы берілетін электронды құжаттарға – туу, қайтыс болу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер мен анықтамаларға электрондық апостиль қою тетігі жетілдірілмек. Бұл қызметке 2025 жылдың төртінші тоқсанында қол жеткізу мүмкін болады.
2025 жылы Әділет министрлігі атқарушылық жазба жасау бойынша жаңа пилоттық жобаны іске қосуды көздеп отыр. Бұл жүйе борышкердің тіркелген мекенжайы бойынша құжаттарды цифрлық форматта рәсімдеуге және борышты мойындау процесін жеңілдетуге бағытталған.
Бұл бастамалар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін арттырып, бюрократиялық кедергілерді қысқартуға және азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға арналған.