Барлық емтихандар алдын ала бекітілген кестеге сәйкес өткізіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгін Ақорда кулуарында Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) балама ретінде енгізілетін жаңа өзгеріске қатысты пікір білдірді.
"Жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазір 2 сынақ тесті өтті. Алда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады, кейін екінші, үшінші және тамыз айында ақылы негізде оқуға түсетіндер үшін бесінші тест өткізіледі. Келесі жылдан бастап пилоттық режимде ҰБТ-ға балама жаңа тест енгізіледі. Ол AIT (Admission Insight Test) деп аталады. Бұл тестті тестология саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі әзірлеуде. ETS делегациясы кеше Астанаға келіп, біздің өкілдермен алғашқы кездесулер өткізді. Мен де олармен кездестім. Сынақ тесті келесі жылы да сақталады, себебі негізгі алаңдаушылық – оны алып тастап, тек бір ғана ҰБТ қалдыру еді", – деді министр C.Нұрбек.
Оның айтуынша, сынақ тестілеу форматы сақталады, өйткені ол оқушылардың біліміндегі әлсіз тұстарын анықтауға мүмкіндік беретін тиімді диагностикалық құрал ретінде өзін дәлелдеген.
"Келесі жылдан бастап жаңа тест түрінде балама енгізіледі. Оның артықшылығы – оны шетелдік университеттердің барлық филиалдары да қабылдайды. Өйткені ETS жоғары халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді, олардың тесті қабылдау рәсімдерінде автоматты түрде мойындалады. Шетелдік университеттер де оны қабылдайды. Біз іс жүзінде SAT, ACT, GRE деңгейіндегі тестті ETS компаниясымен бірге әзірлеп жатырмыз. Бұл жаңа форматқа үлкен мүмкіндік береді. Бірақ ол барлық талапкерлер үшін тек балама ретінде ұсынылады", – деді министр.
Министрдің айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу негізгі емтихан ретінде сақталады, ал сынақ тест тапсыру мүмкіндігі де жалғасады.
Айта кетейік, 17 сәуірде Премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ҰБТ-ны трансформациялау туралы мәлімдеме жасаған болатын.