Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінде "2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин еліміздің 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.
"Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2027–2029 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды. Бюджетті болжау 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген бюджет қағидалары мен нысаналы бағдарларға негізделді. Республикалық бюджет кірістерінің болжамын есептеу кезінде өткен жылғы нақты атқарылуы және осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша бағалау база ретінде алынды. Кірістер 2027 жылы 19,9 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,0 пайыз деңгейінде болжанады. Осы жылғы бағалаумен салыстырғанда 2,8 трлн теңгеге өседі", – деді вице-министр.
Азамат Әмриннің мәліметінше, кірістердің негізгі ұлғаюы мына факторлар есебінен болжанып отыр:
- экономиканың өсуі – 1,6 трлн теңге;
- қосалқы құн салығын қайтару сомаларының төмендеуі – 1,1 трлн теңге;
- басқа да факторлар – 0,5 трлн теңге.
"Сонымен қатар, кірістердің 0,5 трлн теңгеге төмендеуі күтіледі. Салықтық түсімдердің құрылымында ең үлкен үлесті қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы алатын болады. Салықтық емес түсімдер 377 млрд теңге, арнаулы түсімдер – 18 млрд теңге көлемінде айқындалды. Кепілдендірілген трансферт бюджет қағидаларына сәйкес 2027–2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде айқындалды", – деп атап өтті Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
Айта кету керек, бұған дейін Құрылтай республикалық бюджет жобасын қарайтынын жазғанбыз.