Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тестілеудің алғашқы күні қалай өткені туралы хабарлады.
"Біз бүгін магистратураға түсу үшін жаңа форматтағы кешенді тестілеудің алғашқы күнін өткіздік. Емтихан өткізудің максималды түрде ашықтығы пен адалдығын қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық өңірлерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері, арнайы мониторингтік топтардың және қоғамның басқа да мүшелері бақылаушылар ретінде тартылды, – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министрдің хабарлауынша, тестілеуге келген 5705 қатысушының 4014-і смартфонмен келген. Ал, 216 үміткер тыйым салынған заттарды пайдалану әрекеттерін жасаған.
"Олардың нәтижелері жойылды",– дейді министр.
Сонымен қатар, 10 бөгде тұлға анықталды, олар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданатын болады.
"Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі барлық үміткерлерді белгіленген тәртіпті сақтауға шақырады",– делінген министр жазбасында.