Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова марқұм жолдасына арнап әлеуметтік желіде жазба қалдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өмір мен өлім арасы қас қағым сәт екен. 23 жыл, бір ай, үш күн бірге өмір сүрген құдай қосқан қосағымнан үш минутта айырылып қалуым ауыр соққы болды. Адамның айтқаны орындалмайды, Алланың қалауына ешкім қарсы тұра алмайды. Жан жарымды қанша қимасам да, ел болып, жұрт болып ақтық сапарға шығарып салдыңыздар. Қайғы бөліссе азаяды деп, көңіл білдіріп, жұбату айтқан баршаңызға бас иемін. Тірлігінде алақандарыңызға салып еркелеткен едіңіздер, ақтық сапарға да жер қайысар ел жиналып, егіліп шығарып салдыңыздар. Жаназа шығарғанда сапта тұрған адам саны көп болған сайын, сол жандардың алақан жайып, Алладан сұраған бата тілектерін Алла қабыл етеді, пейіштен орын береді дейді. Әумин", – делінген жазбада.
Бағдат Әшімова әр шаңыраққа бақ-береке тіледі.
Айта кету керек, бұған дейін аты аңызға айналған актер Асанәлі Әшімов өмірден өткенін жазғанбыз. Қоштасу рәсімі Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті.