Қазақстандықтардың 67,4% өздерін діндар санайды

1315

АҚДМ Қазақстан Республикасындағы діни ахуал тақырыбындағы әлеуметтік зерттеуді қорытындылады. 

Қазақстандықтардың 67,4% өздерін діндар санайды

2021 жылғы қаңтар-ақпанда елде  "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша барлығы 8 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 23 болған, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Өңірлерге бөліп қарағанда, Алматы және Қарағанды облыстарында – 3, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында 1 құқық бұзушылық тіркелді.

2020 жылдың төртінші тоқсанында АҚДМ Қазақстан Республикасындағы діни ахуал тақырыбындағы әлеуметтік зерттеуді қорытындылады. Оған 18-65 жас аралығындағы 16,1 мың адам қатысты. Сұралғандардың 67,1%-ын қазақтар, 23,8%-ын орыстар, 9,1%-ын басқа ұлт өкілдері құрады.

Білім деңгейі бойынша респонденттердің 47,9%-ының жоғары, 33,5%-ының арнайы, 8,9%-ының жалпы орта, 5,0%-ының жоғары оқу орнынан кейінгі, 4,7%-ының аяқталмаған жоғары білімі болды.

Қазақстандықтардың басым бөлігі (67,4%) өздерін діндар санайды. Ал респонденттердің 40,5% - ы іс жүзінде тек мерекелер тойлаумен, кейбір жоралғыларды сақтаумен шектеледі. Тек 26,9%-ы өздерін діни ережелер мен рәсімдерді қатаң сақтайтын діндар адам ретінде сипаттады.

Сауалнамаға қатысушылардың 23,5%-ы өздерін дінге сенбейтін, бірақ басқа адамдардың діни сезімдерін құрметтейтін адамдар тобына жатқызды; респонденттердің 9,1% - ы атеистік қағидаларды ұстанады.

Дінге қатыстылығы тұрғысынан Қазақстандықтардың 61,3%-ы сүнниттік исламды, 17,2%-ы православиені, 5%-ы католицизмді ұстанатынын, 15,8%-ы Құдайға сенетіндерін, бірақ өздерін бірде-бір діни ағымға жатқызбайтынын растады.

Бұдан бөлек, Қазақстандықтардың 70,4%-ы зайырлы көзқарастағы адамдарға оң, 26,9%-ы теріс, 2,7%-ы бейтарап көзқарасты ұстанады.

Респонденттердің 22,8%-ы дін саласында қандай да бір проблемаларды байқамайтындарын атап өтті. Қазақстандықтардың тағы 33%-ы Қазақстан үшін жаңа секталар мен ағымдардың пайда болуына алаңдаулы. Жауап берушілердің 23,2%-ы діни экстремизмнен қауіптенеді, 8,5%-ы Қазақстандағы діни ұйымдарды шетелден қолдау көріп отыр деп санайды, 3,1%-ы түрлі діни секталар қызметінің жандануына наразы, 1,8% - ы елдегі діни ахуалды жасанды саясиландырудың проблема екенін атап өтті.

The Cato Institute есебінің деректеріне сәйкес, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында діни бостандық индексі бойынша Армения, Беларусь және Қырғызстан сияқты елдерге жол беріп, Ресейден ғана оза алды. Елдің діни бостандығының индексі 5,2 құрады.

Индекске дін бостандығы, діни ұйымдарға қарсы репрессия, қудалау және физикалық зорлық-зомбылық, құқықтық және нормативтік шектеулер сияқты өлшемдер кірді. Дінге байланысты қудалау мен физикалық зорлық-зомбылықтан бостандық саласында елге ең жоғары баға берілді – 8,5. Ең төменгі баға діни ұйымдарға қарсы репрессия критерийі бойынша берілді –3,3.

Серік Селеубайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу