"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы реконструкция көлемі 4,2 мың шақырымды қамтитын 23 автожол жобасы іске асырылуда. Бұл туралы үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Министрдің айтуынша, оның ішіндегі 22 жоба өтпелі. Мұндағы жалпы ұзақтығы 2900 шақырым болатын 10 жоба Халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен іске асырылып жатыр.
"Халықаралық даму және қайта құру банкі займын үнемдеу есебінен шілде айында Ұзынағаш-Отар учаскесінің және жылдың аяғына дейін Балқаш-Бұрылбайтал учаскесінің реконструкциясын бастаймыз. Сондай-ақ, Қарағанды-Балқаш учаскесінің реконструкциясын бастауға Қытай халық республикасы ЭксИмБанкінің үнемделген займ қаржысын қолдану келісіміне қол қойылды. Реконструкцияның басталуы 2019 жылға жоспарланып отыр. Республикалық бюджет қаржысы есебінен Ақтөбе-Қандыағаш, Атырау-Астрахань учаскелерін реконсрукциялауды бастау жоспарланып отыр. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ осы 120 шақырым жолды қайта жаңғырту үшін мердігерлерге тендер жариялады", - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Жалпы жергілікті желі автожолдарын қосқанда "Нұрлы жол" жобаларын іске асыруға 100 мың жұмысшы тартылды. Жыл соңында 528 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен бірге министрлік республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына ақы төлеу жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізуде.
"Бағдарлама аясында ақы төлеу жүйесін енгізу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Алматы-Қорғас (295 км) учаскесінде ақы төлеу жүйесі тесттік режимде іске қосылды. Астана-Теміртау (132 км) және Алматы-Қапшағай (42 км) учаскелерінде бұл жүйені іске қосу биыл қазан айына жоспарланып отыр",- деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар, әуе транзитінің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда. 2018 жылдың желтоқсанында Семей қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Ал, 2019 жылы аяқталауы тиіс Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары басталды.
"Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 2018 жылдың соңына дейін 800 км жылу, сумен жабдықтау және су тарту инженерлік желілерін салып, қайта жаңғырту есебінен желілердің тозуын 60%-дан 57%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.