Прокурорлар бұл жолы олардың мүлкін тәркілеу туралы ұсынысқа кезек берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекеттік айыптаушылардың сөзінше, қылмыстық жолмен алынған кірістер есебінен сатып алынған мүлік жәбірленушілерге келтірілген зиянды өтеу үшін тәркіленуі керек.
Тәркілеуге ұсынылған автокөліктер – Mercedes Benz S450, Lexus LX 600, Haval H6 GT және Mercedes Benz Iq 500.
Бірқатар жылжымайтын мүлік пен элиталық пәтер де тәркіленуі ықтимал. Олардың арасында Астана қаласындағы Vela Village коттедж қалашығында орналасқан жеке тұрғын үй және жер учаскесі бар. Сондай-ақ, Akbulak Riviera (Амман көшесі, 21), Sensata Group (Тәуелсіздік даңғылы, 56/2), Көк Жайлау (Қазыбек би көшесі, 7а) мен Highvill Gold Ishim (Нәжімеденов көшесі, 2) пәтері де қайтарылмақ.
Одан бөлек, екі автотұрақ орны (Highvill Gold Ishim мен Akbulak Riviera тұрғын үй кешендерінде) бизнес және сәнді заттар, Перизат Қайраттың атына тіркелген 46,7 миллион теңге көлеміндегі дебиторлық берешек кездеседі.
Тәркіленуі мүмкін заттар мен қаржы мұнымен тоқтамайды.
Олар:
- 10 млн теңге, Қазақстан үстел теннисі федерациясының шотында;
- Rebel Flowers компаниясының жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
- "Қылмыстық кіріс есебінен сатып алынды" деген күдікпен сәндік сөмкелер, әшекейлер, аяқкиімдер мен аксессуарлар;
- Перизат Қайраттың және анасының, таратылған қайырымдылық қоры мен гүл дүкенінің шоттарындағы ақша қаражаты.
Осыған дейін прокурорлар Перизат Қайратты 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаеваны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.