5 күнде 580 адам банкроттыққа өтініш берді

697

Шымкентте бес күнде 580 адам өзін банкрот деп тануға өтініш берген. Бұл тек заңның бірінші тармағы, яғни соттан тыс банкроттық бойынша түскен өтініштер. 

5 күнде 580 адам банкроттыққа өтініш берді Фото: Dauletten.kz

Ал, шын мәнінде көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру тармақтары бойынша өтінім бергендер саны әзірге белгісіз. Кірістер департаментінің айтуынша қарыздан құтылу үшін арызданғандардың қатары көбіне жалғызбасты және көпбалалы аналар.

Банкроттық туралы өтінім бергендердің көбі Абай ауданында тіркелген. Яғни аталған аудан бойын 147 адам өзінің борышын кешіруді сұраған. Солардың бірі Назгүл Назарова. Үш баласы бар келіншектің қаржы ұйымдарының алдындағы берешегі 4 млн теңгеден асады. Қарызды қарызбен жапқан ол 2021 жылдан бері мүлде төлемей қойған. 

"Ол кезде мен алаяқтардың қолына түсіп қалдым. Олар маған қарызыңды жауып беремін дегеніне сендім. Мемлекеттің жұмысынан да шығып кеттім", дейді қала тұрғыны Назгүл Назарова.

Кредиттің кесірінен жұмыссыз қалған келіншек қазір әр жерде жалданып жұмыс істейді. Одан тапқан табыс күнделікті күн көрістен артылмайды. Сондықтан банкроттық жарялауға шешім қабылдаған. 

Назгүлдің өтініші енді 15 күн қаралады. Одан кейін тиісті шешім шығады. Егер, атына мүлік тіркелмеген, тұрақты табысы расталмаған болса банкрот деп танылып барлық қарызы кешіріледі. 

"147 өтініштің барлығы қазір қарау барысында. Олар бойынша әлі тиісті шешімдер әлі шағарылған жоқ. Бұл заң жобасы заңды күшіне 3-наурызда енді. Әрі қарай жалғаса береді. Бұл уақытша акция емес. Яғни бұл заң жобасы күшіне еніп ары қарай тұрақты түрде жалғаса береді", дейді Абай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Бекасыл Асылбек.

Айта кету керек, өзін банкрот деп тану үшін азамат өтінішпен бірге тек банктен берілетін борышты реттеу құжатын ұсынуы керек. Өтініш электронды түрде және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қағаз түрінде де қабылданып жатыр. Ескеретін жағдай банкрот деп танылғаннан кейін азаматтардың есеп шоттары бұғаттан босатылып, қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Бірақ, мүлік алып сатумен айналыспауы керек. Бұл жағдайда банкроттық шарт бұзылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу