"5 млн теңге": Сарыағаштық шенеунік журналисті өлтіруге тапсырыс берген болуы мүмкін

1194

Сарыағаш ауданының шенеунігі белгілі журналист Амангелді Батырбековті өлтіруге тапсырыс берген болуы мүмкін. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаменті хабарлады. 

"5 млн теңге": Сарыағаштық шенеунік журналисті өлтіруге тапсырыс берген болуы мүмкін

Еске сала кетейік, 4 қаңтарға қараған түні журналистің ұлын (өзімен шатастырып) белгісіз адамдар оқ атып, жаралаған  болатын. Журналист бұл оқиғаны өзінің кәсіби жұмысымен байланыстыратынын айтқан.

Полиция "адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

"Жасалған қылмыс туралы ақпарат алған соң, Сарыағаш ауданына қылмыс орнына криминалдық полицияның кәсіби жедел қызметкерлері мен тергеушілер тобын жібердім. Олар келген бойда белгісіз біреулер журналистің үйіне автокөлікпен келіп, терезеден атып, қашып кеткенін анықтады, нәтижесінде үй иесінің ұлын жарақаттады", – деді Түркістан облысы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында үш күдікті ұсталды. Біреуі – Сарыағаш ауданының тұрғыны, шенеунік, ол тапсырыс беруші болуы мүмкін екенін хабарлады полиция.

Ақпаратқа сүйенсек, журналист өмірін 5 млн теңгеге бағалаған. Журналистің ұлы ауруханадан үйіне шығарылған, денсаулығы жақсы.

Амангелді Батырбеков – "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы. Сын мақалаларымен танылған оны шенеуніктер әлденеше рет сотқа берген.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу