5 млн теңгеге дейінгі грант: Елордалық кәсіпкер әкімдікке неге наразы?

624

Астана қаласының екі кәсіпкері өз шағымын баспасөз мәслихатында айтты.

5 млн теңгеге дейінгі грант: Елордалық кәсіпкер әкімдікке неге наразы? Фото: google

Олардың мәліметінше, кәсіпкерлердің бастамашыл тобы 2022 жылдың сәуір айында өткізілген "Бизнестің жол картасы – 2020" кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасы аясындағы жобаларға мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурстық іріктеу барысында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.

Кәсіпкерлердің бастамашыл тобы тиісті дәлелдерімен Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына, қалалық прокуратураға, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және "Атамекен" ҰҚК-ге жүгінген.

"2019 жылдан бастап бүгінге дейін Астана қаласының кәсіпкерлік басқармасының жанынан гранттарды қарау жөніндегі конкурстық комиссия жұмыс істейді. Сәйкесінше олардың жұмысы ҚР ҰЭМ шығарған ережелермен реттеледі. Конкурстық комиссия құрамының басым бөлігі 2019 жылдан бері өзгермеген. Осы қағида бойынша үш жыл ішінде 1,1 млрд теңгеге қаражат бөлінді. Яғни, олар ешкімге есеп бермейді. Өтінімдерді қарау барысында гранттарға конкурстық өтінімдерді қараудың өрескел бұзушылықтары анықталды. Біз прокуратураға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, әкімдікке және сотқа жүгіндік. Алғашқы сот процесінің нәтижелері бойынша прокуратура органдарынан Астана қаласының кәсіпкерлік басқармасына ұсыныс жазылды. Былтыр Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында өткен алғашқы сот процесінде сот конкурстық комиссияның хаттамалық шешімін заңсыз деп таныды", - деді жеке кәсіпкер Станислав Полубинский. 

Оның сөзінше, сот Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына осы байқаудың ұйымдастырушылары ретінде гранттар бойынша өтінімдерді қайта қарауды міндеттеген. 

Кәсіпкерлерге басқарманың аймақтық үйлестіруші ретінде хаттамаларды қайта қарау рәсімін дербес бастауға құқығы жоқ, сол себепті хаттамаларды қайта қарау тек сот шешімінің негізінде ғана мүмкін деп түсіндірген.

"Енді мәселеміз үшінші рет қаралады. Біз бастапқыда 13 талап қоюшы едік. Олардың бір бөлігіне конкурстық комиссияның екінші қаралымында оң шешім қабылданды. Қазір 4 кәсіпкер қалдық", - деді жеке кәсіпкер Станислав Полубинский.

Бұл жайтқа байланысты әкімдіктің айтар өз уәжі бар.

"2022 жылы ұлттық кәсіпкерлік жобасы аясында қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды беру үшін әкімдікке 2 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Өтініштер санының көп болуына ережеге сәйкес "Бастау бизнес" сертификатының алынып тасталуы себеп. Сондықтан өтініштер өткен жылдармен қарағанда 6 есе көп болды. Мыңға жуық өтінім комиссияның қарауына шығарылды. Бастапқыда бөлінген қаражат 345 млн теңге еді. Мемлекеттік гранттармен кәсіпкерлікті барынша қолдау үшін бюджеттен қосымша 261 млн теңге сұраттық. Осылайша барлығы 133 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Оның басым бөлігі әлеуметтік орталықтар, оқыту орталықтары, медициналық орталықтар, жеңіл өнеркәсіп және т.б.", - деді Астана қаласының Инвестициялар жне кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров.

Басқарма басшысының орынбасарының сөзінше, биылдан бастап ережеге сәйкес конкурстық комиссия құрамының 50 пайыздан астамы жыл сайын жаңартылып отыруға тиіс.

"Былтыр 785 өтпей қалған кәсіпкердің арасында 13-і сотқа жүгінді. Соттың шешімі негізінде конкурстық комиссияны шақыртып, 13 кәсіпкерді қайта қарастырдық. Комиссия 5 жобаны қолдады. Қалған сегізі қолдау таппады. Олардың ішінде төрт кәсіпкер қайта сотқа жүгінді", - деді спикер.

Қолданыстағы заңға сәйкес, экономиканың басым секторларындағы шағын бизнес иелеріне 5 млн теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Грант жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін материалдық және зияткерлік құндылықтарды сатып алуға қарастырылған. 

"Біріншіден, ережеде кемшіліктер негізінен болды. Біз жұмыс органы ретінде ұсыныстарымызды министрлікке бірнеше рет бердік. Қазіргі таңда жаңа бекітілген ережеде көп ұсыныстар қабылданды. Екіншіден, кәсіпкерлердің сотқа шағымдануы негізінде біз оларды қайта қарастырдық, екінші мүмкіндік берілді. Оларға айтарымыз биылғы мемлекеттік гранттар беру жаңа ережелеріне сәйкес дайындалып, қайта қатысуларына болады", - деді Қуаныш Сапаров.

Биылғы негізгі өзгерістердің бірі грант алуға өтініші беретін кәсіпкерлердің қолында "Бастау бизнес" сертификаты болуы керек. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, биыл қайтарымсыз мемлекеттік грант беруге бюджеттен 500 млн теңге қарастырылған. 

"Шамамен 100-ден астам жобаны қолдаймыз деп ойлап отырмыз", - деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу