6 мыңға жуық препарат дәрігердің рецептісімен беріледі

2095

2017 жылы дәрі-дәрмектерді рецептсіз сату бойынша 8 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Биыл бұл көрсеткіш 20 миллионға жеткен.

6 мыңға жуық препарат дәрігердің рецептісімен беріледі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан дәрі-дәрмегі қымбат елдердің қатарында. Біздегі баға Беларусь, Украина, Ресейден де қымбат. Еліміздегі дәрілердің 30 пайызы ғана өзіміздікі, ал қалған 70 пайыз – өзгенікі. Отандық дәрі-дәрмек мәселесі қалай реттеліп жатыр? Медициналық препараттар бағасының жылдан-жылға қымбаттауына не себеп? Еліміздегі дәрі-дәрмек мәселесіне қатысты "Астана" радиосының "Еңселі елорда" радиохабарында ҚР денсаулық сақтау министрлігі фармация комитеті төрағасының орынбасары Ержан Жүнісов жауап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Бүгінде 12 мыңнан астам нысан фармацевтикалық қызметпен айналысады. Оның 94 пайызы – жекеменшік. Елімізге дәрі-дәрмектердің көбі Германия, Франция, Индия, Ресейден келеді. Қазақстанда 120-ға жуық отандық фармацевтикалық өндіруші бар. Соның 50-ге жуығы дәрілік заттарды өндірумен айналысса, ал қалған 68 нысан медициналық мақсаттағы бұйымдар шығарады. Елімізде дәрі шығаратын 6 зауыт бар. Медициналық препараттардың дені – оңтүстіктікі. Ержан Жүнісов дәрі-дәрмек бағасын Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ғана бақылап отыратындықтарын айтты.

Тегін дәрі-дермек стационарлық және амбулаториялық ем қабылдайтын науқастарға, белгілі бір аурумен есепте тұратын азаматтарға жүрек-қан тамырлары жүйесі, диабетке қарсы, онкология, гастроэнтерология ауруларын емдеуге арналған дәрілік заттар мен вирус, бактерияға қарсы препараттар тегін беріледі.

"Бүгінде денсаулық сақтау министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасымен дәрі-дәрмек бағасын реттеу жөнінде жаңа заң жобасын  дайындауда. Аталған жоба қазіргі таңда ҚР парламенті мәжілісінде қаралып жатыр. Негізгі мақсат – 2019 жылы дәрі-дәрмек құнын мемлекет тарапынан белгіленетін шектік бағамен реттеу. Сонымен қатар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың экономикалық қолжетімділігін, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету", - деді ол.

Фармация комитеті төрағасының орынбасары Ержан Жүнісов сенатор Дариға Назарбаеваның есірткі сияқты әсер ететін дәрілерді сатуға тыйым салу керектігі жайлы айтқан ұсынысы бойынша министрлік тарапынан еліміздегі дәріханалардың барлығында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. Ол Қазақстандағы 8 мыңнан астам дәрінің 6 мыңға жуығы дәрігердің рецептімен босатылатындығын айтты. Сол себепті әр азамат өздігімен емделмей, дәрігердің нұсқаулығына құлақ асқан жөн дейді. 

Қазіргі таңда рецепт бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептсіз өткізілген жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынып отыр. Мәселен, 2017 жылы дәрі-дәрмектерді рецептсіз сату бойынша 8 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Биыл бұл көрсеткіш 20 миллионға жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу