600 миллиард теңге басым бағыттарға бөлінбек

1077

Несие кімге бұйырады?

600 миллиард теңге басым бағыттарға бөлінбек

Ақпан айында экономика саласындағы бастапқы секторларға несие беру бағдарламасы іске қосылады. Бұл жайлы ҚР премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев елбасының өзі қатысқан үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды atameken.kz.

"Былтырғы жылдың желтоқсанында 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімді қаржы өтімділігін қамтамасыз ету бағытында Ұлттық банк және "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жол картасы бекітілді. Несие берудің барлық механизмдері мен тауарлық бағыттары қарастырылып, бағдарламаға қатысушы тоғыз банк анықталды. Қаржыландыру 2019 жылдың ақпанында басталады", – деді Ерболат Досаев.

Нұрсұлтан Назарбаев егер бұл 600 миллиард теңге қаражат тиімді пайдаланылатын болса, кәсіпорындарды қолдау бағдарламасы жалғасын табатынын айтты. "Егер бізге қажетті бағыттағы жобаларға,  өнімдер мен кәсіпорындарға тиімді пайдалана алсақ, бұл бағдарлама әрі қарай да жалғасын табады", – деді президент. 

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз кезегінде  Ұлттық палатаның басым бағыттағы секторларға несие беру бағдарламасын бастауға әзір екендігін жеткізді. 

Естеріңізге сала кетейік, "Атамекен" өткен жылы осы бағыттағы өңдеу өнеркәсібінің хал-ахуалын анықтау мақсатында 2000-нан астам отандық кәсіпорынды паспорттау жұмысын жүргізген болатын.  Паспорттау барысында  импорт көлемі 20 млн АҚШ доллардан асатын тауарлар тізімі анықталып, Қазақстан аймағындағы импортты алмастыра алатын кәсіпорындардың тізімі жасалды.

Сондай-ақ президент несиені кейін  қайтара алатын, несиені қайтаруға мүмкіндігі бар компанияларға ғана беру керектігін баса айтты. "Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" кетіп қалмау жағын қатаң тапсырды.

"Бұл қаржы ұзақ мерзімді жобаларға берілуге тиіс... Егер, қаржыны онсыз да несиеде отырған компанияларға берер болсаңдар, ақшамыздың желге ұшқаны. Банктер де тұралап қалады. Сондықтан қайтару мүмкіндігі бар компанияларды қаржыландыру керек", – деп баса айтты президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы барлық банктердің активтерінің сапасын тексеріп, тәуелсіз сараптама жасау керектігін тапсырды. 

"Ұлттық банктің сұрауы бойынша қаржы саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістерді енгіздік. Енді, осы заң аясында жұмыс істеуіміз қажет. Барлық банктердің активтерін анықтау мақсатында тәуелсіз сараптама, бағалау жасауымыз қажет. Біздің экономикамызға бәсекеге қабілетті кәсіпорындар керек. Соңғы үш жылда банкрот шегіне жеткен кәсіпорындар саны екі есеге өскен. Мына түрімен банктер несиені кімге береді? Несиені қайтара алатын азаматтар жоқтың қасы. Шағын бизнес белуардан несиеге батып отыр", - деді президент. 

Елбасы елдегі бизнестің дамуы өзіндік капиталы жетіспей, қарыз қамытын кигендігін айтты. Соңғы үш жылда алған қаржыны қайтара алмаған  бизнес саны 3,5 есе өскенін назарға алды.

"Несиені кімдерге береміз?" – дәл осы сұрақты президент "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовқа бағыттады. 

"Сөзіңізбен толықтай келісеміз. Қазіргі таңда бизнестің мемлекет алдындағы  жауапкершілігін көтеруіміз керек. Мемлекеттің қаржысы бизнесін модернизациялауға дайын әрі қаражатты жаңа техникаға салатын кәсіпкерлерге берілуі керек. Бизнес өзіне үлкен жауапкершілік алған жағдайда ғана мемлекеттен көмек алуға тиіс. Бизнесті дамытуға қажетті қолдау жасалуда, тексерістер саны азайды. Мәселен, 2017 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны 8,3% артқан,  30 мыңнан астам жаңа шағын бизнес субъектісі ашылды. Сондықтан да кәсіпкерлердің жағдайы төмендеді деуге негіз жоқ", – деп сөзін түйіндеді Абылай Мырзахметов.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2019 жылғы 1 қаңтарда елімізде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 2018 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткішпен салыстырғанда 8,3 % өскен, осылайша  кәсіпкерлер саны  – 1 241 328 субъектіні көрсетуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу