Кей сегменттерде отандық мұнай сервисінің үлесі 16 пайыздан аспауда

838

Кей сегменттерде отандық мұнай сервисінің үлесі 16 пайыздан аспауда

Мұнай-газ саласындағы ірі сатып алушылар: "ТШО", "КПО" және "НКОК" өздерінің өндірістік қуаттылықтарын кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды abctv.kz.

Дегенмен, мұнайсервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, соларға құйылатын миллиардтаған долларлар тасқынын өздеріне толыққанды бұра алулары үшін отандық сервистік кәсіпорындар жаңа технологияларды ендіріп, кадрларының кәсіби деңгейін арттыра түскендері жөн.

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов сервистік қызметтер көрсететін отандық компанияларды ілгерілету, қазақстандық мазмұнды арттыру мәселелерін талқылау және шешімдер түзу үдерісі белсенді жүріп жатқанына назар аудартады.

"Мұнай-газ кен орындарын кеңейтудің қазір қолға алынған және алда бастау алатын ірі жобалары мұнай сервистік индустрияның жаңа тынысын ашқалы тұр. Жергілікті үлесті арттыру ісі де айрықша мәнге ие болуда. Өзіңіз қараңыз, егер 2015 жылы еліміздегі мұнай сервистік саланың айналымы небары 1,3 триллион теңгені құраса, 2016 жылы ол 2 триллион теңгеден асып түсті. Ал 2017 жыл қорытындысында осы салаға берілетін тапсырыс көлемі 2,3 триллион теңгеге жетті. Бұл ретте қазақстандық мазмұнның үлесі орташа алғанда 52%-ға тең болып отыр", – дейді Елдос Рамазанов.

Ұлттық палата басшылығы өкілінің түсіндіруінше, қазақстандық үлестің жоғарғы көрсеткіштерін негізінен, құрылыс-монтаждау және бұрғылау жұмыстары қамтамасыз етіп отыр: бұл бағыттар бойынша қазақстандық мазмұн үлесі тиісінше 80% және 62%-ға жетті. Алайда басқа бағыттарда біздегі жатжұрттық инвесторлар әлі күнге өз елдерінің, не шетелдің нарығына жүгінуге бейіл тұрады. Мәселен, жобалау, инжиниринг, геодезия және басқа да сегменттерде отандық мұнай сервисінің үлесі 12-16%-дан аспауда. Үкімет пен "Атамекен" КҰП бұларда да отандық компаниялардың кең қатысуына қол жеткізбек ниетте.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу