Жеті жасар ұлға тиісті деп айыпталған AMANAT партиясының бұрынғы мүшесі Серікқан Жақыповқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сот үкімімен Ж. Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот Ж.-дан зардап шеккеннің заңды өкілінің пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін 15 миллион теңге өндіріп алу туралы үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты.
Ақпаратқа сәйкес, айыпталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындылары мен басқа да қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген.
Айта кету керек, осыған дейін Amanat партиясының бұрынғы мүшесі бала зорлау ісі бойынша 2 айға қамауға алынғанын жазғанбыз. Баланың анасы Ақсу аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазған. Жетісу облыстық сотының мәліметінше, Ақсу аудандық сотының 2024 жылы 20 тамыздағы ұйғарымымен Серікқан Жақыпов қамауға алынды.