890 мың қазақстандықтың қарызы коллекторлық агенттікке өтіп кеткен

373

Заңнамалық тұрғыда "тұтынушылық несие" деген ұғым енгізілмек.

890 мың қазақстандықтың қарызы коллекторлық агенттікке өтіп кеткен Фото: canva.com

Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы тұтынушылық несие бойынша берешектің орташа мәні 1,5 млн теңгені құрайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгінде коллекторлық агенттіктер едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарыздарын сатып алып, олар бойынша қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп алып жатыр. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің 890 мың азаматының 382 млрд теңге сомасындағы қарызы коллекторлық агенттіктерге берілген. Жеке тұлғалардың сатып алынған несиелері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу бойынша коллекторлардың тікелей міндетін енгізу ұсынылады. Халықтың шамадан тыс несие алуына жол бермеу үшін тұтынушылық кредиттер бойынша берешектің абсолютті мөлшерін шектеу бөлігінде берешекті реттеу рәсімін қатаңдатудың маңызы зор", - деді депутат. 

Үнзила Шапақтың банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық несие бойынша берешектің орташа деңгейі шамамен 1,5 млн теңге екенін баса айтты. Сөзінше, мұндай кредиттер бойынша берешектің ең жоғары мөлшері заңнамада белгіленбеген. 

"Қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда тұтынушылық несие деген ұғым енгізіледі, бұл оның ең жоғары мәнін нормативтік деңгейде шектеуге мүмкіндік береді. Қосымша шектеу шарасы ретінде жаңа макропруденциялық норматив – азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттері бойынша жиынтық берешегінің қарыз алушының табысына қатынасы енгізіледі", - деп түсіндірді спикер Мәжілістің жалпы отырысында.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанда 47 мың студенттің проблемалық несиесі бар екенін жазған болатынбыз. Бұдан бөлек 2019 жылы несиесі кешірілген қарыз алушылардың көп бөлігі тағы несие алған. 8,5 миллион қазақстандық банктерге 19 трлн теңге қарыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу