90 жылдарға оралу: бизнесті күшпен тартып алу белең ала бастады

710

Елімізде бизнесті күшпен тартып алу азаймай тұр.

90 жылдарға оралу: бизнесті күшпен тартып алу белең ала бастады Фото: El.kz

Керісінше белең алған түрі бар. Себебі, бір жылда рейдерлік басып алуға қатысты қылмыстық істер саны шамамен екі есеге өскен. Алайда, сотқа жолданған істердің үлесі 10 пайызға да жетпейді. Сарапшылар мұны заңдағы олқылықтар және құқық қорғау органдарының сапасыз жұмысымен байланыстырады. 

"Рейдерлік басып алу" ұғымы әлеуметтік және қылмыстық құбылыс ретінде 90-шы жылдардан бері бар. Ол кезде біреудің бизнесін  күшпен тартып алу  әдісі кең таралған еді. Бүгінде көбіне кәсіпорын активтерін, мүлікін заңсыз иемдену сияқты жұмсақ тәсілдер пайдаланылады. 

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдының ісін мысал ретінде келтіруге болады. Ол сусындар шығаратын ірі компаниялардың акцияларын тартып алуға тырысқан. Келтірілген залал 6,5 миллиард теңгеден асты. Күш көресету де қазір жоқ емес.  Мәселен, жуырда Алматы бизнесмендерін қорқынышта ұстаған Елдос Қоспаевтың қылмыстық тобы құрықталды. 11 адамнан тұратын банда кәсіпкерлерді ұрып-соғып, қорқытып, кәсібін тартып алумен айналысқан. Бүгінде қылмыстық топ мүшелерінің 5-уі қамауда, ал 6-уы, оның ішінде Қоспаевтың өзі қашып жүр.  

Жалпы, былтыр рейдерлік бойынша 19 қылмыстық іс тіркеліп, екеуі ғана сотқа жеткен.  Ал 2021 жылы тіркелген 11 істің, төретуі сотта қаралыпты. Алайда, мұндай қылмыстардың саны бұдан әлдеқайда көп. Бұл жерде мәселе құқық қорғау органдарының жұмысына келіп тіреліп тұр дейді сарапшылар. Көбіне көп істі тезірек жабу үшін тергеушілер оны оңайырақ баптарға ауыстырып жібереді.

"Қысқасы, рейдерлік басып алу туралы бап өте күрделі болғандықтан, оны дәлелдеу де қиын. Тіркелген істер мен сотқа жеткен істердің арасындағы алшақтық та осыдан. Яғни, құрылтайшылар жиналысының заңсыз өткенін, қолтаңбалардың жалған екенін, прессинг жасалғанын, қорқыту, ұрып-соғу , бопсалау және басқа да фактілерді тырнақпен теріп, жинау біріншіден ұзақ уақытқа созылады, екіншіден қалтаға салмақ түсіреді, үшіншіден жүйкеден жүйке қалдырмайды", дейді "Атамекен" ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің сарапшысы Мейрамбек Қаныбеков.

2021 жылдың шілдесінде рейдерлік басып алу бойынша жаза қатаңдатылып, ол ауыр қылмыстар санатына қосылды. Тек қылмыстардың шамамен екі есеге өскенін ескерсек, бұл шара өз нәтижесін бермей жатқанға ұқсайды. Оның үстіне, біреудің бизнесін тартып алуға кей жағдайда шенділердің де қатысы бар. Олар екінші тараппен ауыз байласады, қолдағы билігін пайдаланып, тергеу процессіне араласады әрі барынан айырылғалы жатқан кәсіпкерге қосымша тосқауыл қояды. 

"Бизнес-омбудсмен ретінде мен күніне көп адамды қабылдаймын. Әсіресе, кәсіпкерлердің адвокаттары көп келеді. Қылмыстық істі заңсыз қозғау, кәсіпкерлердің құқығын шектеу, заңсыз қамауға алу сияқты сұрақтар жиі көтеріледі", дейді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Елімізде 1 млн 800 мың кәсіпкер бар, яғни әр оныншы азамат  бизнесмен деген сөз. Рейдерлік басып алу ел экономикасының қалыптасуы мен дамуына кері әсерін тигізеді, кәсіпкерліктің дамуына нұқсан келтіреді және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын төмендетеді. Ол үшін ең алдымен заңдағы олқылықтарды түзету керек, екіншіден қылмыстық процесс кезінде  құқық қорғау органдары ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрмей, бизнесті қорғауға жанын салуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу