Щучинск-Бурабай курорттық аймағы жаңаша түрленеді

6907

Өйткені, курорттық аймақ Қазақстанның туризм саласындағы ең ірі 10 инвестициялық жобасының қатарына енді.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы жаңаша түрленеді

Ел үкіметі туризм саласындағы ең ірі 10 инвестициялық жобаны атады. Бұл қатарға Астанадағы "Көшпелілер тарихы" орталығы, Имантау-Шалқар курорттық аймағы, Баянауыл курорттық аймағы, Балқаш өзенінің жағалауы, Алакөл өзенінің жағалауы, Шарын шатқалы, Алматы өңірінің таулы кластері, байырғы Түркістанды қалпына келтіру, Ащысор туристік аймағы және Щучинск-Бурабай курорттық аймағы еніп отыр.

Бұл жобаларға отандық және шетелдік инвесторлар 5,8 млрд доллар көлемінде қаржы салады деп күтілуде. Осының нәтижесінде Қазақстанға жыл сайын 6,5 млрд доллар табыс түспек. Сонымен қатар, 64 мың жаңа жұмыс орыны құрылады деген болжам бар. Осылайша, біздің ел туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 1 пайыздан 2025 жылға қарай 8 пайызға жеткізбек ниетте. Бурабайда ел президентіне таныстырылған жобалар елімізге келетін шетелдік саяхатшылардың легін қазіргі жағдаймен салыстырғанда 4,2 есеге ұлғайтып, 3,2 миллионнан 13 миллионға дейін арттыруға тиіс.

Ірі он жобаның негізгісі – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы. Астана іргесіндегі курорттық аймаққа былтыр 850 мың турист келген екен. Ел үкімет аталған көрсеткішті 3 миллион адамға дейін жақсартпақ. Ол үшін  Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 177,8 млрд теңге инвестиция тартылады, 5 мыңдай жұмыс орны құрылады деген жоспар бар.

"Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағындағы инфрақұрылымды дамытуды тапсырамын. Тиісті кадрларды даярлау есебінен туристік қызмет көрсету сапасын жақсарту керек Бүгінде 10 туристік аймаққа баса назар аударылады. Туристік нысандарға субсидия бөлу көзделіп отыр. Туристерді бәсекеге қабілетті баға болғанда ғана тарта аламыз. Біз экономиканың осы саласына зор мән беруіміз керек", – деген болатын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жобалардың таныстырылымында.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, жыл басынан бері Щучинск-Бурабай курорттық аймағында 400 мыңдай адам тыныққан. Биыл мұнда келетін туристер саны 1,2 млн-ға жетеді деп күтілуде.

"Негізгі туристік ағын еліміздің басқа өңірлерінен, сондай-ақ Ресей мен Еуропа елдерінен келуде. Астанаға келетін шетелдік саяхатшылардың шамамен 70 пайызы міндетті түрде Бурабайға ат басын бұрады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту үшін үкімет шешімімен осы аймақтың көліктік-логистикалық, инженерлік және инфрақұрылымдық проблемаларын, экологиялық қиындықтарын және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешетін шаралар жүзеге асырылады. Ол үшін республикалық бюджеттен – 58,2 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлінбек. Ал бизнестен 180 млрд теңге жеке инвестиция тартылмақ", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министрдің сөзінше, инвесторларлы қызықтыру үшін салықтық жеңілдіктері беру қарастырылуда. Бұл ретте Үлкен Шабақты өзені жағалауында "Ақбура" жаңа курорттық аймағын құру, "Бурабай" шаңғы курортын салу негізгі жоба болып бекітілді.

"Сондай-ақ елбасы тапсырмасымен, Швейцариядағы Давос, Қытайдағы Боао, Ресейдегі Валдай секілді жаһандық форумдар өтетін орын үлгісінде "Бурабай Конгресс Орталығы" тұрғызылатын болады", – деді министр.

Еске сала кетейік, Қазақстан соңғы жылдары табысы жыл санап молайып келе жатқан туризм саласына көңіл бөлуде. Бүгінде туризм жаһандық экономиканың драйвері айналып келеді. Оның әлемдік жалпы ішкі өнім құрылымындағы үлесі 10%-ды құрап отыр. Туризмге жыл сайын 800 млрд доллар инвестиция тартылады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу